Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тәуелсіздік күні Петропавлда көпқабатты 2 тұрғын үй қолданысқа берілді

Осы жылғы Тәуелсіздік мейрамы мына жиылған солтүстікқазақстандықтардың есінде мәңгіге сақталары анық. Өйткені, бұл жандар мерейлі мерекеде баспаналы болғалы тұр. Пәтер иелерін осынау қуанышпен құттықтауға туған-туысқандары да жиылыпты.

Ботагөз Қарманова:

-Менің қызым пәтер алып жатыр. Өте қуаныштымын. Соған барлық отбасымызбен келіп отырмыз. Ал осында келгендері барлығын мерекемен құттықтаймын. Ынтымақ, бірлік, бақыт болсын.

Осы күні жүздері бал-бұл жайнаған қауымды маңызды қос қуанышпен облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтады.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Құрметті жерлестер, сіздерді еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Елбасының тапсырмасымен жүзеге асырыылып отырған «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 145 пәтерлі баспана қолданысқа беріліп отыр. Қоныс иелерін құттықтаймын. Отбасыларыңызға береке-бірлік тілеймін.

Кейін аймақ жетекшісі қоныс иелеріне пәтер кілттерін табыс етті.

Бұдан соң облыс әкімі Гастелло 52 мекен жайына жаңадан көшіп келіп жатқан тұрғындардың пәтерлеріне кіріп, ішін аралады. Қоныс иелерімен әңгімелесті. 16 желтосқан Биғожиндар отбасы үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Отағасаы Кәрімжан мен жары Гүлжиян көптен күткен пәтерлерін алды. 3 баланы тәрбиелеп өсірген үлгілі жанұяны осы күні туысқандары құттықтауға келіп, шашу шашты. Ал отбасы мүшелері 3 бөлмелі пәтердің ішін аралап, жиһаздарын қайда қоятынын жоспарлап жүр. Бірнеше жыл бойы баспаналы болуды аңсаған тұрғындар өз қуаныштарын жасырмады.

Кәрімжан Биғожин:

-Тәуелсіздік күні үй алып жатырмыз. Көп-көп рахмет айтқым келеді. Кезекте тұрғынымызға 10 жыл болды.

Гүлжиян Биғожина:

-Программа бойынша, мен бірінші рет оны әкімдікте естідім. Сосын қатысуға ниет еттік. Өте жақсы программа. 3 жыл біз жинадық.

Енді баспана иелері алдағы 6 жылда қаржысын мемлекетке қайтару керек болады. Жалпы Гастелло көшесінде орналасқан 90 және 55 пәтерлі мына ипотекалық тұрғын үйлер тұрғындардың барлық топтарына арналған. Олардың құрылысы өткен жылы басталыпты. 5 қабатты баспаналар Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде депозит ашқан петропавлдықтарға берілді. Айта кету керек, қаржы институты 2012 жылдан бастап 900 салымшысын тұрғын жаймен қуантқан.

Ербол Қарашүкеев – «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

-Облыс бойынша 18 мыңнан астам салымшы бар. Қазір олардың барлығы ақша жинақтап жатыр. Банк беретін несиенің пайызы төмен. Өзге банктерде несиенің пайызы 18-20-дан асатын болса, бізде 3-тен 5 пайызға дейін. Кредитті біз 6 жылдан 25 жылға дейін береміз.

Жалпы биылғы жылы облыста 500 пәтер қолданысқа беріліпті. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті еселей түсу жоспарда бар.

 

 

Магжан Ахмадина