Қоғам

Тәуелсіздік күні Петропавлда 2 жатақхана қолданысқа тапсырылды

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Елбасы Н.Назарбаев жастар болашағымыздың тірегі деп сіздерге ерекше сенім артады. Жастарды қолдау аясында бірнеше мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Бүгін “Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020” бағдарламасы аясында екі жатақхананың кілттерін табыстап отырмыз. Қоныс тойларыңыз құтты болсын, еліміздің ертеңгі жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын.

Кейін аймақ жетекшісі жаңа қоныс иелеріне бөлмелерінің кілтін салтанатты түрде табыс етті. Енді петропавлдық жас мамандар мұнда 5 жыл көлемінде, яғни өздерінің жеке өз үйлеріне қол жеткізгенше дейін емін-еркін тұра алады. Жалпы бүгін жатақханадан бөлме кілтін алғандардың барлығы – “Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020” мемлекеттік бағдарламасының қатысушылары. Аталмыш жоба өңірімізде басталғалы бері 10 мыңға жуық жерлесіміз екі қолға бір күрек тапқан.

Айжан Елиясова – Петропавл қаласы жұмыспен қамту орталығының директоры:

-Бұл бағдарлама 29 жасқа дейінгі тұрғындарға арналған. Баспана алу үшін басты үш шарт орындалуы қажет. Олар: біріншіден жылжымайтын мүлкі болмау керек, жасы 29-дан аспау қажет және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы болуы қажет. Жатақханаларда тұру тегін, тек коммуналдық қызметтердің ақысын төлейді.

Бүгін қоныс иесі атанғандардың бірі – 27 жастағы Данияр Сұрағанов. Жас азамат жарты жыл бұрын жұмыспен қамту орталығы арқылы екі қолға бір күрек тауып, жатақханадан бөлме алуға үміттілердің қатарында болған. Енді міне, өз баспанасына қол жеткізді.

Данияр Сұрағанов:

-Өз баспанам бар. Оған қуаныштымын. Өйткені, жақын арада отбасы құруды ойластырып жүрмін. Мемлекет тарапынан осындай қолдау көрсетіліп жатқанына ризамын.

Ал бұл – ерлі-зайыпты Вайда мен Амир Якуповтардың бөлмесі. Екеуі де жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған мектеп-интернатында тәрбиеленген. Отау құрғандарына 8 жыл болған. Бүгін олар дастархан жайып, келген қонақтарды ыстық ықыласымен қарсы алуда.

Вайда Якупова:

-Баспаналы болғанымызға өте қуаныштымыз. Енді кең бөлмелі пәтер алуға қаражатымызды жинауға болады.

Амир Якупов:

-Осындай қолдау үшін мемлекетімізге алғысымды білдіремін. Бұған дейін басқа жатақханада бір бөлмені жалдап тұрғанбыз, Ал қазір міне уақытша болса да кең жерге көштік. Мереке күні осындай қуанышқа бөленгенімізге ризамын.

Жалпы қалалық жұмыспен қамту орталығында жатақханадан бөлме алуға 2 мыңға жуық жас петропалдық кезекте тұр. Барлық өтініштер желтоқсан айының 20-на дейін қабылданады.

 

Риат Шони