МТРА жаңалықтары

Қала әкімі петропавлдықтарды құттықтады

24 жыл. Бұл кейбіреу үшін соншалықты көп уақыт та емес. Бірақ, осы жылдар аралығында еліміздің қол жеткізген жетістіктері баршылық. Қазақстан дербес мемлекет болып егемендігін жариялағалы бері бері тек даму жолына түсті. Енді сол жасаған игілікті істерді жасампаздықпен жалғастыру міндеті тұр алдымызда. Бұны барша қазақстандықтар біледі. Егемендiкке жету жолы қаншалықты қиын болса, сол тәуелсiздiктi сақтап қалу, нығайту ісінің де жүгі соншалықты ауыр. Мұны петропавлдықтарды мерекемен құттықтаған қала әкімі Марат Тасмағанбетов айтып өтті.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

-Халқымыз сан ғасырлар аңсап, бүгінгі ұрпаққа бұйырған азаттық бесігінде барлық қазақстандықтар жақсы өмір сүруде. Елбасы Н.Назарбаев асқан көрегендікпен, қазақы даналықпен ежелгі дала төсінде болашағы бекем, келешегі кемел мемлекет орнатты. Қазақтың, қазақ елінің айбыны асып, абыройы тасыды. Қымбатты жерлестер. Бостандық пен еркіндліктің бастауы болып табылатын осы салтанатты мерекемен шын жүректен құттықтаймын.

Кейін шаһар басшысы мерекеге орай бірқатар азаматтарды марапаттады. Осы күні Марат Тасмағанбетовтің қолынан «Алтын алқа» төсбелгісін 7 баланы дүниеге әкелген Елена Даниленко алды.

Бұдан соң сахнаға облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын алушы петропавлдықтар мен қаланың құрметті азаматы атағының иегерлері көтерілді. Соңғы аталған марапатқа ие болғандардың бірі – өмірінің саналы ғұмырын ішкі істер органдарына арнаған Сұраған Көпеев.

Сұраған Көпеев – Ішкі істер органдарының ардагері:

-Жүрегім қазір толқып тұр. Өйткені, қаланың «Құрметті азаматы» белгісін кез келген адамға бере бермейді. Еңбегімді бағалағандарға алғыс білдіремін. Қуаныштымын. Осы қуанышыммен отбасыммен, ағайын туғандарыммен бөлісемін. 

Мерекелік жиын соңы концертке ұласты.

 

Магжан Ахмадина