Әр түрлі

Петропавлда “ақылды аялдама” ішінен шағын кітапхана ашылды

Түрлі жанрдағы әдеби кітаптар сөресі Мир көшесіндегі “Ақылды аялдама” павильонының ішінде орын тепкен. Осылайша, кітапхана қызметкерлері тұрғындардың көркем әдебиет оқуға деген қызығушылықтарын арттыруды көздейді.

Қайыржан Мәлікова – С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың қызметкері:

-Осындай игі бастаманы қолға алып отырмыз. Мұндай көше кітапханалары әлемнің өзге елдерінде бұрыннан бар. Бізде, елімізде мұндай жоба алғаш рет қолға алынды. Жоба облыс тұрғындарының арасында кең қолдауға ие болады деген ойдамын. Егер бастама сәтті іске асып жатса басқа ақылды аялдамада орнату ойда бар.

Әзірге, мұндағы сөреде оқырмандарға 1000-ға жуық кітап жайғастырылған. Енді аялдамада автобус күтіп тұрған жерлестеріміз қалаған туындысын оқи алады. Тіпті, кітап көңілден шығып жатса, өзіңмен бірге алып кетуге де болады. Тек қайтаруға ұмытып кетпеңіз. Қала тұрғындары жаңашылдықтың шарапаты мол боларына сенімді.

Азамат Өмірзақов:

-Жақсы бастама екен. Автобус күтіп тұрып кітап оқуға болады.

Мария Банкова:

-Менің ойымша, “ақылды аялдамаға” кітаптарды барлығы бірдей қайтармайтын сияқты. Бірақ, жаңа жоба өте қызықты әрі пайдасы мол.

Көше кітапханасы таңертеңгі сағат 8-ден түнгі сағат 23-ге дейін жұмыс жасайды.

 

 

Бакыт Садуакасов