Спорт

Петропавлда кикбоксингтен 16-шы халықаралық “Қызылжар” турнирі өтті

Сабыржан Сақтағанов – жарыстың бас төрешісі:

-Бүгінгі сайыста 50-ден астам спортшы бақ сынауда. Олар еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған. Сондай-ақ, жарыста Ресейден келген жастар да бар. Қатысушылар 2 бөлімде өнер көрсетеді. Ол – фул-контакт пен К-1.

Турнирді тамашалауға кикбоксингтен әлем чемпионатының 2 дүркін күміс жүлдегері Азамат Нұрпейісов келіп отыр. Оның айтуынша, бүгінгі сайыстың жастарға берері мол.

Азамат Нұрпейісов – кикбоксингтен әлем чемпионатының 2 дүркін күміс жүлдегері:

-Қатысушыларды кикбоксингтен 16-шы халықаралық “Қызылжар” турнирінің ашылуымен құттықтаймын. Бұл жарыс біздің спортшыларымызға әлем чемпионаттарына жол ашады. Бүгінгі жекпе-жектер қызықты өтеді деп ойлаймын.

Сонымен күрес басталды. Шаршы алаңның қызыл бұрышында – Атырау қаласының намысын қорғай келген Қайсар Аллаберген болса, көк бұрышта – көкшетаулық Рафаиль Муфтахутдинов.
Спортшылар турнирдің фулл-контакт бөлімінде, 67 келі салмақ дәрежесі бойынша жұдырықтасуда. Олардың әрбірі жеңімпаз атануға бар күшін салуда.

Жекпе-жек әрқайсысы 2 минуттан тұратын 3 раундқа созылады. Шарт бойынша көп соққыға ұшыраған спортшы жеңіліс табады.
Көкшетаулық кикбоксшы екінші раундта-ақ, Қайсардың шабуылына төтеп бере алмады. Нәтижесінде, өз басымдығын көрсете білген атыраулық жігіт – Қайсар Аллабергенді төрешілер жеңімпазы деп тапты.

 

Қайсар Аллаберген – жарысқа қатысушы, Атырау қаласы:

-Бүгінгі жекпе-жек мен үшін қиын болды. Осы турнирдің жеңімпазы болуына үміттенемін. Жаңа ғана Көкшетаулық қарсыласымды ұттым. Есеп 3:0 болды.

Турнирі 2 күнге жалғасады. Қорытындысында 9 салмақ дәрежесі бойынша жеңіске жеткендер медаль, кубок және дипломдармен марапатталады.


Сагыныш Маркашева