МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі Петропавл қаласының Жаңа жыл мерекесіне орай безендірілуін байқады

Ерік Сұлтанов- Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Кейбір учаскелерде әлі де болса қараңғы, жарық жетіспейді. Үйлердің бірінші қабатын түрлі-түсті шамдармен безендірген дұрыс. Дүкен, сауда үйлерінің қожайындарына айту керек қаланы көркейтуге белсенді ат салыссын. Меншігіндегі ғимараттарын әдемілесін. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестікке басымдық беріп, осы бағытта көптеген шаралар атқару қажет. Қаланың көрікті болғаны бәрімізге жақсы. Жан-жақтан жарқырап тұрған түрлі-түсті шамдар шаһарға ерекше шырай береді. Тұрғындар, қала қонақтары мерекенің лебін сезінеді.

Облыс қазынасынан бөлінген қаражаттың 7,9 млн-ы шаһарды безендіруге, 15 млн теңгесі түрлі шағын композицияларды орнатуға жұмсалды. Қаланы көркейтуге кәсіпкерлер де ат салысуда. Мысалы, орталық алаңдағы мына шыршаны демеушілер өз қаражаты есебінен орнатыпты. Қазіргі таңда Тәуелсіздік стелласы, Жеңіс саябағы мен Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының алдына шыршалар қойылған. Алдағы уақытта осындай жасанды ағаштар вокзал аумағы мен “Солтүстік жұлдызы” саябағында құрылмақ. Бұған 1 млн теңге қарастырылған. Жалпы қаланы мерекеге орай безендіруге 5 кәсіпорын, 3 жарнама агенттігі ат салысуда. Осы күні өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов сапаржай маңындағы автобус аялдамасын көрді. Шаһар басшысынан қоғамдық көліктердің жұмысы қай уақытта бір жүйеге келтірілетінін сұрап білді.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

-Жақында астаналық фирманың өкілдері қалаға келіп автобустарға GPS бақылау қондырғыларын орнатады. Сол уақыттан бастап барлық автобустардың жүру кестесін қатаң бақылауға алатын боламыз.

Қаланың Жаңа жыл алдында ерекше көркеюіне облыс орталығының тұрғындары дән риза.

-Шаһарымыздың қазіргі кейпіне көңілім толады. Эстетикалық безендірілуі жақсы.

-Қаланың көркейіп келе жатқандығы байқалады. Көптеген саябақтар пайда болуда.

Желтоқсанның 21-не дейін облыс орталығы толығымен безендірілмек.

 

Берик Касен