Ауыл шаруашылығы

Жергілікті аграрийлердің қатысуымен облыстық семинар өтті

Арман Евниев – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы:

-Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және әлем елдеріндегі озық технологиялармен жабдықтауға қыруар қаржы бағытталуда. Дегенмен, мал және өсімдік шаруашылығында кей көрсеткіштер бойынша алға ілгерілеушілік байқалмайды. Сайып келгенде кей шаруалар берілген субсидияны алып, соған күнелтуді әдетке айналдырған.

Жиында Елбасының жақында қол қойған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жөніндегі Заң да талқыланды. Бұрындары ұсақ қожалықтар мен фермерлер кепілдіктің аздығынан мемлекеттік көмекті алуға қолдары жетпей жүрген еді. Түйткілді мәселені шешуге жаңа заң септігін тигізбек.

Арман Евниев – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы:

-Көп жағдайда шаруа қожалықтары мен фермерлерге банктер несие беруден бас тартып жатады. Өйткені, олардың кепілге қояр мүлкі алатын қарыз сомасына жетпей қалады. Мемлекет бұл жерде осындай ұйымдарға тиімді жағдай жасап отыр. Егер бірнеше шаруалар бір жерге топтасып, біріксе олардың дамуына да мүмкіндіктері мол болмақ. Сәйкесінше, жыл сайын техника паркін жаңартып, элиталы тұқым алуға қолы жетеді.

Басқосуда “Қазақстан фермерлер одағы” жергілікті филиалының есебі де тыңдалды. Қазіргі таңда ұйымға теріскейдегі 4 мыңнан аса ірілі-ұсақты қожалықтар мен серіктестіктердің тең жартысы еніп отыр.
Сондай-ақ, жиында Қызылжар ауданындағы “Әлти Гарант” серіктестігінің директоры Ақан Барлыбаев “Ауыл шаруашылығы саласының үздігі” төсбелгісімен марапатталды.

 

 

Бакыт Садуакасов