Мәдениет

Петропавлда облыстық “Таңшолпан” фестивалі өтті

Тагир Қайыр – байқауға қатысушы, Жамбыл ауданы:

-Ағам домбыра үйірмесіне барады. Мен де қызықтым. Ұлттық құндылықты ардақтауымыз керек.

«Таңшолпан» фестиваліне облысымыздың бірнеше аудандарынан 200-ге жуық қатысушы жиналды. Сахна төрінде Құрманғазы мен Нұрғиса Тілендиев сынды композиторлардың күйлері шертіліп, қазақтың «Ақбақайдай» халық әндері орындалды. Шараның көркін қыздырған би ұжымдары да болды.

Дана Рамазан – «Айтұмар» хореографиялық ансамблінің бишісі, Ақжар ауданы:

-«Жекпе-жек» биін екі апта ішінде арнайы осы фестивальге арнап дайындадық. Костюмді де жаңадан тіктірдік. Биімізде батырлардың күресін, жекпе-жегін көрсеткіміз келді.

Айту керек, бұл шараны өткізуді ұйымдастырушылар дәстүрге айналдырған.

Ирина Колодаева – облыстық балалар шығармашылығы орталығы директорының орынбасары:

-Осы фестивальдің арқасында біз балалардың бойына ұлтжандылық, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін ұялатқымыз келеді. Және осындай шаралардың арқасында баланың шығармашылық қабілетін жетілдіріп, қазақ халқының мәдениетін дәріптеуді көздейміз.

Қатысушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Ал өнерпаздардың жетекшілері арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

 

 

Айгерим Ержанова