Қоғам

Петропавлда көгершіндердің көрмесі өтті

Нұрлан Жанкеев – көгершін асыраушы, Көкшетау қаласы:

-Көгершін асырау менің хоббиім десем де болады. Кептерлерге тамақ беру, олардың денсаулықтарын бақылау менің күнделікті жұмысыма айналған. Қазір үйімде бұл құстардың 3 түрін өсіремін. Солардың ішіндегі «ростовтық» кептерлер ХХ ғасырда селекциялық жолмен тараған. Олардың басқаларға қарағандағы ерекшелігі көкте 2 сағатқа дейін ұша алады.

Жалпы, әлем бойынша көгершіндердің 800-ден аса түрі бар екен. Солардың 35-ін бүгінгі көрмеден тамашалауға болады. Қолға үйретілген кептерлердің қатарында халық арасында «ақ көгершін», «етік киген», «айдарлы» деген аттарға ие болғандары бар. Байқау талабы бойынша қанаттылардың басы, тұрған тұрысы және белсенділігі ескеріледі.

Виктор Зуев – байқауды ұйымдастырушы:

-Көрмедегі қанаттыларға көгершін асыраудың жағдайын жақсы білетін мамандар баға береді. Ең алдымен біз кептерлердің әдемілігіне зор мән береміз. Одан соң құйрықтарын барынша жоғары көтеріп, қанаттарын аяқтарына дейін төмен түсіргендерге ұпай қосылады. Сондай-ақ, олардың адамдарға деген әрекеттерін де назардан тыс қалдырмаймыз.

Еліміз бен Ресейдің 15-тен аса қаласынан келген көгершін асыраушылардың байқауы қаламызда екі күнге жалғасты. Шара соңында жеңімпаздар медаль және кубоктармен марапатталды.

Борис Васильев – байқау жеңімпазы, Петропавл қаласы:

-Мен көгершіндерді 1944-ші жылдан бастап асыраймын. Оларға бір уақыт көңіл бөлсем айтарлықтай демалып қалам. Күтіп-баптаған ең алғашқы құстарым әлі есімде. Ақ кептерлер болатын. Байқауда жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын.

Биыл бұл шара облыстық «Возрождение» әуесқой көгершін өсірушілер клубының ұйымдастыруымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Алдағы уақытта көрменің ауқымын кеңейту жоспарда бар.

 

Култанов Байболат