Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл СҚО-да индустриаландыру картасының екінші бесжылдығы аясында 15 жоба жүзеге асты

Ерік Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Тәуелсіздік күні қарсаңында аудандарыңызда жаңа кәсіпорын ашылып отыр. Бұл диірмен – индустриаландыру картасынынң екінші бесжылдығы аясында біздің облысымызда іске қосылып отырған 15-ші кәсіпорын. Мұнда 32 жаңа жұмыс орны құрылды. 2 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды. Компания өз өнімін шетелге шығаруға дайын. Осы жұмыстардың бәрі экономикамызға үлесін қосады.

Диірмен кешені іске қосылды. Мұнымен іс бітті деуге болмайды. Алдағы уақытта серіктестік әкімшілігі агроқұрылым басшыларымен қамбаға астықты үздіксіз жеткізіп тұру жөнінде келіссөздер жүргізбекші.

Тито Сыздықов, “ИКЕА-ТАСС групп” ЖШС компаниясының құрылтайшысы:

-Біздің басты мақсатымыз – өзге елдерге экспортталатын астық үлесін ұлғайту. Келешекте бұл кешен толық қуатында жұмыс істесе, еңбеккерлердің санын артырып, 3 ауысымдық жұмыс режиміне көшеміз. Қазір агроқұрылым басшыларымен жақсы тіл табысып, байланыс орнату бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Алдағы уақытта шаруалар элеваторымызға үздіксіз астық жеткізіп тұрса деймін. Бидайды нарықта белгіленген баға бойынша сатып алуға әзірміз.

Алып диірмен кешені тәулігіне 120 тонна ұн үгуге қауқарлы. Мұндағы қондырғыларды компания басшылығы Түркия елінен алдыртыпты. Сәйкесінше, сол елдің мамандары өңірге арнай шақырту алып, жерлестерімізді 3 ай бойы техниканы басқаруды үйретті.

Соңғы үлгідегі машиналар құрамындағы желімтік мөлшеріне (клейковина) байланысты бидайдан жоғары, 1-ші, 2-ші сұрыпты ұнды үгіп шығарады.

Азат Елтаев – “ИКЕА-ТАСС групп” ЖШС диірмен кешенінің қаптаушысы, Аққайың ауданы:

 

-Үш ай бізді арнайы мамандар оқытты. Маған жұмыс табылғанына қуаныштымын. Өзім қаптаушы міндетін атқарамын. Яғни, қаптарды ұнға толтырып, оның аузын бекітіп отырамын. Бұл қондырғы минутына 6 қаптың аузын тігеді.

Астық қабылдау қоймасы мен диірмен жанына ұзындығы 2,5 шақырым болатын темір жол тартылды. Бұл, өз кезегінде сары алтынды өзге елдерге экспорттауға жол ашады. Компания бұл мақсатқа 1,5 млн АҚШ долларын жұмсаған. Осы күні “ИКЕА-ТАСС групп” ЖШС-нің Иран, Ауғанстан елдерінде өкілдігі бар. Компания басшылығы келер жылдан бастап аталған мемлекеттерге темір жол торабы арқылы ай сайын 3 мың тонна ұн жөнелтпекші.

Берик Касен