Ауыл шаруашылығы

Биыл Есіл ауданында ірі қара малдың саны 18 пайызға өскен

Николай Коняхин – “Московский” ЖШС директоры, Есіл ауданы:

-2014-15-ші жылдары малдың саны арта бастады. Нәтижесінде нысандарда орын жетіспей жатты. Сол себепті, мен екі бірдей мал қорасын орнатуды жөн санадым. Көбісі мұндай құрылымдарды Украинадан әкеледі, бірақ мұндай нысандар Қостанай облысында да жасалады екен. Технологиясы бірдей. Жалпы екі ғимараттың құны 16 млн теңгеге дейін жетті.

Қалмық тұқымды ірі қаралардың тәбеті зор. Екі-үш күнде оттыққа 6 центнердей сабан мен шөп салынады. Қазір серіктестікте 130 адам еңбек етеді. Олардың орташа айлық жалақысы 110 мың теңге көлемінде.

Николай Минц – “Московский” ЖШС бригадирі, Есіл ауданы:

-Қалмық тұқымды ірі қаралар күй таңдамайды. Жайлауда емін-еркін жүріп үйреніп қалған, ал мұнда қамауда. Бейімделулері қиын болды. Жалпы бұл тұқымды малдар біздің қытымыр аязымызға төзімді және салмағы да ауыр болып келеді. Орташа 380-500 келіге дейін жетеді.

Бүгін серіктестікте Тәуелсіздік күні қарсаңында қолданысқа тапсырылған қос бірдей нысанмен танысуға аудан әкімі Мұратбек Әбішев келді. Жалпы әр ғимарат 700 шаршы метр аумақты алады. Мал қорасы 300 басқа шақталған. Кәсіпорын басшысы Николай Коняхин аудан әкіміне барлығын жіті таныстырып, өзінің жоспарларымен бөлісуде. Алдағы уақытта шаруа қожалығы асыл тұқымды ірі қараның аналығын 250-ден 400-ге дейін жеткізуді межелеп отыр. Айта кету қажет, қазіргі таңда Есіл ауданында мал шаруашылығының даму қарқыны жақсы.

Мұратбек Әбішев – Есіл ауданының әкімі:

-Қазір ауданда ірі қараның саны 20 мыңнан асты. Биылда көптеген шаруалар “Сыбаға” бағдарламасын пайдаланып жатыр. 2015-ші жылы шаруа қожалықтарында малдың саны 18 пайызға өскен.

Жалпы Есіл ауданында 6 асыл тұқымды репродуктор бар. Қазіргі таңда онда 3,5 мыңнан астам ірі қара өсірілуде.

 

 

Риат Шони