Қоғам

Петропавлдағы машина жасау колледжі білікті мамандар даярлайды

Анатолий Фурманюк – Петропавл қаласының машина жасау колледжінің директоры:

-Елбасы өзінің кезекті Жолдауында білікті техникалық кадрлар дайындау қажеттігін айтты. Бұл бізге – осы салаға қатысты мамандар шығаратын білім ордасына үлкен жауапкершіліктің жүктелгенін білдіреді. Бұл орайда әріптестік орнатқан кәсіпорындармен жұмыстар атқарудамыз. Өйткені, елімізде жасалған бұйымның барлығы еңбек адамының қолымен әзірленген. Ал маманды жоғары дәрежеде даярласа, онда өндірілетін өнім де сапалы болады. Сол себепті, Елбасы еңбек адамына көп көңіл бөлу қажет деді.

Жалпы білім ошағы дуалды оқыту жүйесіне 2012-ші жылдан бастап қатысып келеді. Мұның арқасында студенттер теорияны жергілікті өндіріс ошақтарында шыңдап, біліктіліктерін арттыруда.

Анатолий Фурманюк – Петропавл қаласының машина жасау колледжінің директоры:

-Дуалды оқыту жүйесі бізге мамандарды кәсіби түрде даярлауға үлкен сеп болуда. Өйткені, студенттер оқу жылының жартысын өндіріс ошағында өткізеді. Онда тәжірибеден өтіп, білімдерін шыңдайды. Бүгінде бізде 12 кәсіпорынмен келісім шарт жасалған. Студенттер 2-ші курстан бастап сол өндіріс ошақтарында шамамен 6-7 айдай еңбектенеді. Кейін олар оқуын тәмамдағаннан соң сонда жұмысқа орналаса алады.

Колледж әрдайым өзінің материалдық-техникалық базасын жаңартып тұрады. Дәл қазір кең бейінді станокшы мамандығына оқитын Александр Голенков білім ошағы жаңадан сатып алған қондырғыда ұстазы берген тапсырманы орындауда. Айтуынша, бұрынғыға қарағанда тың білдектерде жұмыс атқару әлдеқайда жеңіл әрі тез.

Александр Голенков – студент:

-Бұл станокта жұмыс жасау маған ұнайды. Кез келген бұйымды сапалы әрі тез әзірлейді. Қазір мен жасап жатқан болт 10 минуттың ішінде дайын болады. Ал бұрын оған жарты сағат уақытымды сарп ететінмін.

Жалпы машина жасау колледжі биыл 14 жаңа станок сатып алған.

 

 

Риат Шони