МТРА жаңалықтары

Ботаникалық бақ жұмысын жалғастырады

Равиль Рязапов, «Қызылжар оранжареясы» МКҚК бас агрономы:

-Ботаникалық баққа биылғы жылдың бірінші желтоқсанынан жылу беру тоқтатылады деп ресми хат келгеннен бері тыныштық қашты. Өйткені, мыңдаған өсімдіктің өмірсіз қалу қаупі туындады. Оның үстіне, ғимарат жылусыз қалса әлем бойынша сирек кездесетін бұл жасыл жапырақтар мен гүлдер жойылып кетуі мүмкін еді.

Равиль Рязапов осыдан 6 жыл бұрын ақшадан қысылып коммуналдық қарыздарын төлей алмағандықтан ботаникалық бақтың бір бөлігін “Коммунхоз” кәсіпорнына сатқан. Сөйтіп, жаңа иелері баққа 319 млн теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізіпті. Десе де екі тарап нақты бір ортақ келісімге келе алмай сотқа жүгінген болатын. Даулы мәселенің түйіні бүгін шешілді.

Елена Балло, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

-Бүгінгі күні біз бақтың мүліктік мәселелері нақты реттелді деп айта аламыз. Дәл қазір барлық жер телімі «Қызылжар оранжареясы» кәсіпорнына берілді. Енді олар заңды иелері болып табылады.

Қала басшысы орынбасарының айтуынша ботаникалық бақты қайта тіркеу бойынша құжаттар күні кеше ғана толық реттеліпті. Осы тұста “Қызылжар оранжереясының” директоры “Перопавл жылу желілері” серктестігімен жаңа келісімшартқа отырып үлгерген айтты.

Артур Рязапов,«Қызылжар оранжереясы» МКҚК директоры:

-Енді ботаникалық бақтың “Коммунхоз” кәсіпорнынан “Қызылжар оранжереясының” толық меншігіне өту туралы құжаттар рәсімделу үстінде. Бұл орайда энергиямен қамту кәсіпорнымен келісімшартты алдымыздағы жылдың маусымына дейін ұзарттық.

Сөйтіп, “Қызылжар оранжереясы» жарық пен жылудан шектелмейтін болды. Басшыларының да көңілі жайланып, алдағы уақытта бақты жасыл желекке толтырып гүлдендіре түсеміз дейді. Олар келешекте сирек кездесетін өсімдіктерді облыс орталығынан бөлек Елордаға да апаруды көздеп отыр.

 

 

Акбопе Танирберген