МТРА жаңалықтары

Жергілікті “Әлия-сервис” ПИК-і республикалық байқауда үздік деп танылды

Вера Золотилина, “Әлия Сервис” ПИК төрайымы:

-Осы жылдың маусым айында Астана қаласында өткен 4-ші республикалық “Ең үздік кондоминиум объектісі” байқауына қатыстық. Оған әр үйдің суретін, осы уақытқа дейін жүргізілген жөндеу жұмыстары жайлы мәлметтерді жібердім. Қараша айында жеңімпаз атандық. Жалпы жұмыс барысында әр тұрғынмен сөйлесіп, түсінісуім керек. Бұл өте қиынға соғады. Себебі, әр адамның мінез-құлқы, көзқарасы әртүрлі.

“Әлия-сервис” ПИК-нің құрамындағы 4 үйге “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жүргізілген. Олардың шатыры, қасбеті ғана жаңартылып қоймай, құбырлары ауыстырылып, жылу есептегіш құралы орнатылған. Төрайымның атқарған жұмысы – тұрғындардың назарында.

Зинаида Нитиевская:

-Біздің үйіміз жаңғыртуды қажет етіп тұрған. Барлық қабаттардан су ағатын. Біздің ПИК-нің төрайымы мұны біліп әр тұрғынмен сөйлесті, дереу жөндеу керек екенін түсіндірді. Қазір үйлеріміз жылы, тіпті подъездердің іші де сырланды.

Осындай қыруар жұмыстарды жүргізген “Әлия Сервис” ПИК республикалық байқауда жеңімпаз атанғаны үшін бағалы сыйлықпен марапатталды.

 

 

Акбопе Танирберген