МТРА жаңалықтары

Ұлтаралық татулықты нығайту

Наиль Салимов – облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:

-Биыл Елбасымыз өзінің 20-шы Жолдауын жария етті. Бұл маңызды оқиға ҚХА-ның 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Нұрсұлтан Назарбаев еліміз ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуі керек деп айтты. Яғни, Қазақстан мықты әрі бай елдерге бәсекелес бола білуі қажет. Ал осы мақсатқа қол жеткізу үшін біз ел болып жұмылып, еңбектенуіміз керек. Әрине, бұл жерде Ассамблеяның да рөлі маңызды. Елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Біз бірлігімізді одан әрі нығайтуымыз керек.

Рашбиль Евдаев Әзербайжаннан Қазақстанға 40 жыл бұрын көшіп келген. Кезінде жұмыс сапарымен екі аптаға аялдаған жас жігіт осы жақта біржола қалған. Жері мен халқы ұнаған мекенде ол бастапқыда етікші болып, кейін өзінің жеке кәсібін ашып алады. Бүгінде Қазақстанды туған жеріндей көретін ол Елбасының жыл сайынғы Жолдауын қалт жібермейді.

Рашбиль Евдаев – «СҚО еврей мәдениет орталығы» ҚБ төрағасы:

-Қазақстанның азаматы болған соң Елбасы Жолдауының бірін де жібермей тыңдаймын. Тіпті, ең алғашқысы да есімде қалды. Сонау қиын-қыстау жылдары Нұрсұлтан Назарбаев халықты тығырықтан шығарып, елінің үлкен сенімін ақтады. Бүгін де ол алған бетінен тайған емес. Біз бейбіт елде өмір сүрудеміз. Бұл – үлкен бақыт.

Облыстық еврей мәдениет орталығына бүгінде Петропавл қаласының 5 жүзден астам отбасы мүшелік етеді екен.

 

 

Айгерим Ержанова