МТРА жаңалықтары

Қалалық ардагерлер ұйымы Х есептік-сайлау конференциясын өткізді

Сара Тасеменова – Петропавл қалалық ардагерлер ұйымының төрайымы:

-Өткен 5 жылда Астанаға 14608 зейнеткер саяхаттап барып келді. Интернационалист-жауынгерлер әлеуметтік жеңілдіктер алу тұрғысында соғыс ардагерлеріне теңестірілген. Бүгінде олар санаторлық емдеу орындарына барып жүр және оларға тісті протездеуге жеңілдік қарастырылған. Биыл “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығы 80 жастан асқан 750 адамға жол жүру билетін тегін таратты. Ондай жеңілдікке көпбалалы аналар, мүгедек баласы барлар, Ауған соғысы және Чернобль оқиғасына қатысқандар иек арта алады.

5 жыл ішінде бастауыш ардагерлер ұйымының саны 33-ке артқан. Десе де бұл аздық етуде дейді ұйым жетекшісі Сара Тасеменова. Осы күні қалада 40 мың 500-ден астам зейнеткер тұрады. Соның тең жартысы қалалық және бастауыш ардагерлер ұйымдарының қамқорлығына алынған. Ал қалғандары еш жерде тіркелмеген.

Сара Тасеменова – Петропавл қалалық ардагерлер ұйымының төрайымы:

-Алдағы уақытта бұрындары кәсіпорындармен байланысын үзген жалғызілікті қарияларды бастауыш ардагерлер ұйымдарына тіркеу қарастырылуда. Осы күні қалада 178 бастауыш ардагерлер ұйымы бар. Соның 10-ында ғана төрағаларға атқарылған жұмыстарына сай тиісті жалақылары төленеді. Ал қалған ұйым жетекшілері тегін жұмыс істеп жүр, оған қоса жеке кабинеттері жоқ. Бұл да осы күнге дейін шешімін таппаған бір мәселе.

5 жылда ұйымға 1 600 жазбаша хат түсіп, 5 мыңға жуық адам қоғамдық қабылдауда болған.

Валентина Васильева, қалалық ардагерлер ұйымы жанындағы ревизиялық комиссияның мүшесі:

-Зейнеткерлердің көбі материалдық тұрғыда көмек сұрайды. Біразы – 1-ші, 2-ші топтағы мүгедектер, көп балалы аналар мен жалғызбасты қарттар. Олар көмір, отын, медициналық препараттарды сұратады. Және дәрі-дәрмек пен азық-түлік бағасының қымбаттауына наразылықтарын білдіріп жатады. Бүгінде 30 мың петропавлдық минималды зейнетақы алады.

Мәжілісте қала әкімі Марат Тасмаганбетов аға буын өкілдеріне қамқорлық жасауға ат салысқан ардагерлер қозғалысының белсенділері мен кәсіпкерлерге алғыс хатын табыстады. Жиын соңында қалалық ардагерлер ұйымының жаңа құрамы мен төрағасы таңдалды. Осылайша, залда отырғандар Сара Тасеменоваға бірауыздан дауыс беріп, қалалық ардагерлер ұйымынының жетекшісі етіп 5 жылға сайлады.
Осы жерде 7-ші облыстық есептік-сайлау конференциясына қатысатын делегат мүшелерінің есімі белгілі болды. Аталмыш жиын келер жылы өтеді деп жоспарлануда.

 

Берик Касен