Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір диқандары тұқым алмастыру шаруаларын жүргізуі қажет

Ал ол аграрийлер үшін тиімсіз болып отыр. Мамырдың 30-ы аяқталуы тиіс көктемгі-дала жұмыстары бізде маусымның ортасына дейін жалғасады. Ал бұл өнімнің пісіп-жетілуі мен сапасына тікелей әсер етеді де дейді ғалымдар.

Жексенбай Қасқырбаев – А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми- өндірістік орталығының бас директоры, Ақмола облысы:

-Ауа райының тосын мінез танытуына байланысты шаруашылықтар 4-ші, 5-ші сыныпты бидай алады. Сондықтан, ауа райын ескеріп, егінді ерте себу жағын қарастыру қажет. Мүмкіндік болса, тіпті 2 ауысымда жұмыс жасап, дән сіңіру шаруаларын 30 мамырда аяқтауға тырысу қажет. Ал егер егіс науқанын маусымның ортасына дейін созсақ, онда ерте, 80-85 күнде пісіп-жетілетін тұқымдарды еккен дұрыс. Және минералдық тыңайтқыштарды дұрыс пайдаланған жөн.

Кейін көптен күткен маңызды жиын басталды. Ең алдымен сөз алған облыс әкімі Ерік Сұлтанов теріскей аграрийлері күзгі жиын-терім шаруаларын ойдағыдай аяқтағандығын атап өтіп, енді көктемгі егіс науқанына даярлық жұмыстары жүргізілуі тиіс деді. Сондықтан, залда отырғандар үшін жиында айтылған барлық сын-ескертпелер маңызды болмақ. Бүгіндері олар арқаны кеңге салудың қажеті жоқ екендігін біледі. Жалпы биыл теріскейдің жер емген шаруашалары 4 млн гектардан астам жерге ырыс дәнін сіңірді. Соның 3 млн-нан астамына бидай егілсе, қалғанын майлы дақылдар, картоп пен көкөністер құрайды. Нәтижесінде аграрийлер 5 млн 425 мың тонна астықты қамбаға құйып, 465 мың тонна тұқым қорын әзірлеген.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

-Түскен тұқымды сараптамадан өткізіп бүгінгі күні кеш пісіп-жетілетін астық көлемін азайту қажет деуге болады. Өйткені, олардың көрсеткіші 40 пайызға жуық. Ал ерте пісетін дақылдар сорты-36, орташа жағдайда дайын болатыны 33 пайызды құрайды. Сондықтан, аудан әкімдеріне жердің құнарлылығына байланысты бұл жайтты қарастыруды тапсырамын.

Бүгіндері астық сұрыптарын алмастыру қажеттігін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Ол егін шығымдылығына тікелей әсер етеді. Бұл ретте біздің шаруаларымыз көршілес Ресейдің ауыл шаруашылығы мамандарымен әріптестік орнатқан.

Павел Поползухин – Ресей ауыл шаруашылығы академиясы Сібір ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары:

-Сіздердің шаруаларыңыз бізден алатын тұқымдар мен дақыл сұрыптары теріскей ауа райына жақсы бейімделген. Өйткені, екі аймақтың климаты бір. Бізден көбіне бидайдың жұмсақ сорттарын алады. Тағы сұлы, көпжылғы шөптер мен картоп тұқымдары жеткізіледі. Қазіргі күні жаңа түрлері де шығарылуда. Олар Қазақстанда да тексерістен өткізіліп жатыр.

Артем Моргунов – «Кургансемена» ғылыми-өндірістік агрохолдингі директорының орынбасары:

-Қазіргі ауа райы жағдайында шаруалар үшін ең тиімді бидай сұрты, ол – Омбылық 36. Ерте пісіп-жетіледі. Тек оның ғылыми тұрғыда көрсетілген уақыт талаптарын сақтаған жөн.

«Кургансемена» ғылыми-өндірістік агрохолдингі көп жылдардан бері қазақстандық шаруалармен жұмыс жасайды. Соңғы 5 жылда олар елімізге 3,5 мың тонна элиталы бидай тұқымын әкелсе, соның 1500 мың тоннасы тек Солтүстік Қазақстанға жеткізілген. Агрохолдингпен «Мәмбетов и К» КС 5-6 жылдан бері жұмыс жасайды. Шаруашылық Қорганнан бізге Омбылық 35, 36, бұршақ және жаңадан шығып жатқан арпа тұқымын алады екен.

Еркебұлан Мамбетов – «Мамбетов и К» КС бас директоры:

-Жылда-жылда алып отырамыз. Элитаны аламыз. Кейін оны көбейтіп, шағын шаруашылықтарға сатамыз. Биыл ауа райы қолайлы болмай, көп шаруашылықтарда бидайдың сапасы төмен болса, біздің шаруашылық 80 пайыздан астам 3-ші сұрыпты бидай жинады. Бұл да тұқымның арқасында деп ойлаймын.

Бұл істің жілігін шағып, майын ішкен мамандар тұқымды аларда ғалымдармен кеңескен абзал дейді. СҚО ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының өкілдері қазір өзімізде де жаңа бидай тұқымдары шығарылып жатыр дейді. Олар, әрине соңғы климаттық өзгерістерді ескере отырып жасалынған. Яғни, жоғарыда айтылып кеткен ерте пісіп-жетілетін тұқымдар болып саналады. Бұдан бөлек мамандар астықты жинап алу кезінде де қателіктерге жол бермеу қажет дейді. Өйткені, кей сұрыптарды құлатпай, бірден комбаинмен жиып алу керек. Сонда ол қауыздағы дәндерін жоғалтпайтын көрінеді. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арналған ауқымды шара барысында диқандар өз сауалдарын да жолдады. Кейін пленарлық отырыстарда жалғасты.

 

 

Магжан Ахмадина