МТРА жаңалықтары

Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов журналистермен кездесті

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

-Біз қала қазынасындағы қаражатты мейлінше тиімді жұмсаудамыз. Мерекелерге жұмсалатын қаражатты қысқарта алмаймыз. Осы күні қала бюджетіндегі шығындарды 400 млн теңге дейін азайттық. Тәуелсіздік мерекесінен кейін қала бюджетін қайта қарастыратын боламыз. Және алдағы уақытта көшелердегі электр бағаналарына диодтты жарық шамдарын орнату жоспарда бар. Осылайша, электр қуатына кететін қаражатты үнемдеуге болады.

Әкімге жолданған сұрақтардың дені тұрғын үйдің жағдайы, қала көшелері, қоғамдық көліктердің қатынауы мен шаһарды абаттандыруға қатысты болды.
Ашық әңгіме барысында 4-ші билік өкілдерін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламысының жүзеге асырылу барысы қызықтырды.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

-Жалпы мемлекеттік бағдарлама аясында Петропавлда 142 көпқабатты үй жөнделді. Тұрғындар несиелерін белсенді қайтарып жатыр. Соның арқасында соңғы 3 жылда 13 үй қалпына келтірілді. 2016 жылы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында 20 үйді қалыпқа келтіру жоспарымызда бар. Қазір ол бойынша өтінішімізді тиісті орган қарастыру үстінде.

Тұрғын үй демекші, алдағы уақытта қала әкімдігі баспана иелеріне шағын ПИК-терін біріктіру жөнінде ұсыныс жасамақшы. Жиын барысында Марат Тасмағанбетов биыл салына бастаған тұрғын үйлердің құрылысы аяқсыз қалмайтындығын мәлімдеді. Осы тұста шаһарымызда көп жылдар бойы қаңырап бос тұрған ғимараттар жайы сөз етілді. Ағымдағы жылы М. Жұмабаев көшесіндегі “Есіл” мейрамханасына қарама-қарсы орналасқан “Достық” ойын-сауық орталығы жекешелендіріліпті.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

-Достық ойын сауық орталығын электрондық саудада 361 млн. теңгеге саттық.
Бүгінде 51 млн, теңгесі қала қазнасына түсті. Нысанды меншігіне алған кәсіпкер қалған соманы алдағы уақытта төлейді. Болашақта бұл ғимарат көпфункионалды болмақ. Онда ойын-сауық орталығы, неке қию залы және тағы да басқа орталықтар орналасады.

Жиында тілшілер қауымы қала әкіміне көлік ағыны толастамайтын Абай көшесінің біраз жылдар бойы жөндеу көрмегендігін айтты. Марат Тасмағанбетов бұл жолды қалыпқа келтіру үшін келер жылы жергілікті бюджеттерден 97 млн. теңге бөлінетіндігін жеткізді. Орайы келіп тұрғанда, журналистер қала көшелерін қардан аршу және көктайғаққа қарсы шаралардың қалай атқарылып жатқандығын сұрады.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

-Қазір облыс орталығы көшелерін 7 коммуналдық кәсіпорын жұмысшылары тазалайды. Биыл инертті материалдар мен қаражат жеткілікті мөлшерде бөлінді. Әзірге, кәсіпорындарға тапсырмалар жеке-жекеден берілуде. Бірі көшелерді қардан аршыса, енді бірі инертті материалдар себеді. Бірақ, келер жылдан бастап бұл міндет барлығына бірдей жүктеледі.

Жиын барысында журналистер әкімге тұрғындардың біраз бұйымтайын жеткізді.
Автобустардың жүру кестесіне сын тақты. Марат Тасмағанбетов 2016 жылы барлық қоғамдық көліктерге GPS бақылау қондырғылары орнатылып, қоғамдық көліктердің қозғалысы қатаң бақылауға алынады деді.

 

 

Берик Касен