Қоғам

Тәуелсіздік мерекесіне арналған шаралар өңір мұражайларында да өтуде

Айсұлу Сәрсенова – СҚО тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:

-Бүгін колледж студенттеріне “Отта туған тәуелсіздік” тақырыбында сабақ өткізудеміз. Онда интерактивті оқыту әдістерін қолдана отырып, тарихи кезеңдерді мейлінше қамтуға тырысамыз. Сабақ барысы барынша қызықты етіп құрылған. Шарада қазақ халқынының жоңғарларға қарсы шайқасы, Сырым Датұлы, Махамбет Өтемісұлы, Кенесары Қасымұлы, Амангелді Иманов бастаған көтерілістер жайлы қысқаша ақпарат береміз.

“Отта туған тәуелсіздік” тақырыбындағы сабақ барысында 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан мағлұмат берілді. Мына көрмеден Нұржан Қалиасқаров, Боташ Қажимов, Қайрат Рысқұлбеков сынды көтеріліске қатысқан студенттерді оқудан шығару жөніндегі бұйрық түпнұсқаларының көшірмесін көруге болады. Сондай-ақ,
ақын-жазушылардың осы кезеңге арнап жазған туындылары қойылған. Бұл жиында
сөз алған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктерімізге тоқталып, Елбасы Н.Назарбаевтың біртұтас қоғам құрудағы айрықша рөлін атап өтті.

Наиль Салимов – облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушiсi:

-Санаулы күндерден кейін еліміздің тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр толады. Президентіміз Н.Назарбаев әркез қазақстандықтардың жақсы, жайлы өмір сүруін армандайды. Ол үшін өміршең жобаларды жүзеге асырып келеді. Солардың бірі – әлемдегі бірегей институт Қазақстан халқы Ассамблеясы. Біз барлығымыз осы ұйымның мүшесі саналамыз. Сондықтан, ел болашағына бәріміз жауаптымыз. Сендер қазірден бастап бастамшыл, белсенді болуға тырысыңдар. Мемлекетімізді алға жетелейтін тың идеяларыңызды қоғамға батыл ұсына біліңдер.

Петропавл машина жасау колледжінің 1-курс студенттері сабақ барысында алған мәліметтерін сөзжұмбақта жасырылған сөзді шешу арқылы бекітті. Одан кейін теледидардан еліміздің көркем жерлерін тамашалап, мұражай ішін аралады.

Жандос Кушманов – Петропавл машина жасау колледжінің студенті:

-Тарих парақтарынан тәуелсіздіктің қиын жолдармен келгендігін оқып, естіп жүрмін. Біз осыны ұғынып, кең-байтақ жеріміздің әр сантиметрін қызғыштай қорғай білу керекпіз. Жақсы оқып, келешекте халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға үлес қосуымыз қажет.

Мұражайдағы бұл сабақ жыл соңына дейін жалғасады. Осы мерзім аралығында шараға оқушылар мен студенттердің біразын қатыстыру жоспарлануда.

 

 

Берик Касен