МТРА жаңалықтары

Табиғат әлемі балалар көзімен

Ақбөпе Тәңірбереген, тілші:

-Бұл – “Хлам-арт немесе қоқыс жинау уақыты” деп аталатын бұрыш. Мұнда орналастырылған бұйымдардың барлығы керексіз заттардан жасалған. Мәселен, қоқысқа тасталған мына аяқ киімді 10 жасар қолөнерші көлікке айналдырыпты.

Ал, келесі қабырғада «Табиғат кереметтері» аталымы бойынша жұмыстар қойылған. Балақайлар байқау шарты бойынша Солтүстік Қазақстанда орын алған түрлі табиғи құбылыстарды фотоаппаратқа түсіруі тиіс. Мынауысы – суреттердің ішіндегі ең сәтті шыққан кадрлардың бірі.

Татьяна Мандрик, жас натуралистер станциясының бөлім жетекшісі:

-Байқау-көрмеге 6 мен 18 жас аралығындағы балалар қатысуда. Биыл барлық 13 ауданнан және облыс орталығында білім алатын оқушылар өз жұмыстарын жіберіп отыр. Жалпы мұндағы еңбектер “Хлам-арт”, “Жыл нышаны – өз қолымызбен”, “Туған жер”, “Табиғат кереметтері” және “Қоршаған ортаны қорғау” деген 5 аталымға бөлінген. Айта кетейін, байқаудың арқасында біз жыл сайын балалар шығармашылығының деңгейі жоғарылап келе жатқанын байқаймыз.

Көрмеге 400-ден астам қолөнер бұйымдары орналастырылған. Оның ішінде кішкентай келушілерге ұнағаны көп.

-Маған «Атамекен» картинасы ұнады. Жасалуы күрделі екені көрініп тұр. Пластилиндерді моншақ формасына келтіру арқылы орындалған. Өзім де жасап алғым келеді.

-Ал, менің көзім бірден мына маймылға түсті. Тоқыма жіп арқылы жасалған. Өте көңілді, жұмсақ ойыншық.

Қазір мұнда 5 аталым бойынша үздік жұмыстар іріктелу үстінде. Жеңімпаздар желтоқсанның 11-і күні марапатталатын болады.

 

 

Акбопе Танирберген