МТРА жаңалықтары

Облыс орталығы Жаңа жыл мерекесіне орай безендірілуде

Алмас Айылбаев – мүсінші:

-Мүсін болсын, сурет болсын не шаршы, не текше болып саналмайды. Оны жасау қиын. Бір жерінде жұқалау қажет, ал кей жерінде қалыңдату керек. Жалпы бір мүсінді әзірлеу үшін 4 күндей уақыт қажет.

Қазір Алмас Айылбаев жаңажылдық мерекеге арнап биіктігі 2 метрге жететін Аяз ата мен Ақшақардың мүсінін әзірлеуде. Айтуынша туындыны уақытында әзірлеу үшін ауа райы да қолайлы болуы қажет.

-Бір мүсінді әзірлеу үшін мұздың әр түрлі өлшемі қажет. Дәл қазір Аяз атаның бетін жапсыру үшін бізге мынандай формадағы мұз керек.

Жалпы биылғы жылы облыс орталығында жаңажылдық мерекені атап өтуге облыстық бюджеттен 22,9 млн теңге бөлініпті. Бұл қаражатқа Қазақстан Конституциясы көшесінде үлкен шырша орнатылып, маңайында мұздан сырғанауға арналған екі төбешік жасалыпты. Сонымен қатар, түрлі композициялар құрылған.

Алғали Әсриев – Петропавл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі секторының бас маманы:

-Бөлінген қаражаттың 7,9 млн-ы қаланы мерекеге орай безендіруге жұмсалды. Ал 15 млн теңгесі түрлі композицияларға бағытталды. Қазіргі уақытта 1 шыршаны Қазақстан Конституциясы көшесінің бас жағында орнатып жатырмыз, сонымен қатар тағы бір шырша Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының алдына қойылады. Және де вокзал аумағы мен Пестрое көлінің жағасына құрылады. Бұған 1 млн теңге қарастырылған. Орталық алаңдағы шыршаны демеушілер орнатты. Оған 3 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Жалпы қаланы мерекеге орай безендіруге 5 кәсіпорын ат салысуда.

Негізі қаланың Жаңа жыл алдында осылай көркеюіне облыс орталығының тұрғындары дән риза.

-Бұның барлығы кішкентай балалар үшін ғой. Әрине, тамаша. Төбешіктен сырғанап, қызыққа бөленеді.

-Жалпы қаламызға қонақтар келгенде облыс орталығының қалай көркейгендігін, өзгергендігін айтады. Бұл туған қаламыздың жылдан-жылға өсіп, өркендеп келе жатқанын білдіреді. Біз ол үшін өте қуаныштымыз.

 

 

Риат Шони