МТРА жаңалықтары

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында шыршаларды күзету шаралары күшейтілді

Қарағай мен шырша өзге ағаштарға қарағанда оттегіні көп бөледі, сондықтан жазда оның саясында жүріп демалған денсаулыққа пайдалы дейді 10 жылдық тәжірибесі бар қорықшы Өлмес Нұртазин. Жерлесіміздің айтуына қарағанда, соңғы жылдары тұрғындар табиғатқа жанашырлықпен қарайтын болған. Сәйкесінше, жаңажылдық ағашты заңсыз кесу фактілері де сиреген көрінеді.

Өлмес Нұртазин – Куйбышев орман шаруашылығының қорықшысы:

– Соңғы 3 жылда орман іші тыныш. Адамдар жөнсіз ат ізін салмайды. Сонда да бұл біздің жұмысымыз болғандықтан күзетеміз.

Жаңа жыл мерекесі таяп қалды. Соған байланысты бүгінде қылқанжапырақты ағаштарды күзету шаралары күшейтіліп, облыс аумағында 27 стационарлық бекет пен 98 мобильді топ құрылды. Соңғылары қорықшылар мен тәртіп сақшыларынан жасақталған. Олар орманды желтоқсанның 31-іне дейін күзетпек.

Василий Лабанчук, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:

– Биыл ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті облыс аумағында 549 шыршаны кесуге рұқсат берді. Қылқанжапырақты ағаштар тек мемлекеттік мекемелерге
сатылады. Басқа жағдайда шыршалар еркін сатылымға шығарылмайды. Бөлшек сауда орындарында қазір тұрғындарға Ресейден әкелінген ағаштар сатылуда. Оның бағасын тасымалдаушылар белгілейді.

Осыған дейін шыршаны кескендер әкімшілік айыппұлын төлеп, оңай сытылып кететін. Биыл енді олай болмайды. Табиғатқа залал келтіргендердің бәрі оталған әр ағаш үшін заң алдында жауап береді. Яғни, баукеспелерге
қылмыстық жаза қолданылады.

Василий Лабанчук, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:


– Биыл 1 түп шыршаны кескендер 29 730 теңге төлейді. Оған қоса құқықбұзушыға сот шешімімен түрліше жазалау шаралары қолданылады. Мысалы, 1 шыршаны заңсыз кескен адамға 300 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе ол 240 сағат қоғамдық түзету жұмыстарына тартылады. Олай болмаған күнде 75 тәулікке қамауға алынады.

Бір шырша табиғи ортасында 2 метрге дейін өсу үшін 15 жыл ерекше күтімді қажет етеді екен. Сондықтан, оны бір-екі күнгі қызыққа бола отау қисынсыз деп есептейді тұрғындар.

– Шырша өсіп шығу үшін қанша жыл қажет. Олар қысы-жазы көрік беріп тұрады. Мерекеге бола шыршаны кесудің қажеті жоқ.

– Табиғи шыршаны кескен обал. Одан да үйге жасанды шыршаны алған дұрыс.

Осы күні бөлшек және көтерме сауда орындарында жергілікті жасыл желектерді өткізуге тиым салынған. Сондықтан, жасандысынан көрі шынайы шыршаны құп көргендері Ресейден жеткізілген қылқанжапырақты ағаштарды таңдап алуда. Оның өзінде де ел аумағында шыршаны сату үшін рұқсат қағазы болуы тиіс.

Берик Касен