Спорт

“Құлагер” ХК теміртаулық ұжымды қос кездесуде де тізе бүктірді

Басталды. Шайба ойынға қосылысымен ойыншылар қызу тартысқа көшті. Жанкүйерлердің қолдауынан күш алған жерлестеріміз бірден алға ұмтылды. Алайда, бұл біздің хоккейшілерге өз жемісін бермеді. Теміртаулық қонақтар болса кездесудің он бірінші минутында сауатты өнер көрсетіп гол соқты. Бұл жерде шабуылшы Александр Борисевич шеберлігімен танылды. Бұдан кейін құлагерліктер тез ес жинап алды. Ұтымды сәттердің бірінде 24 нөмірдегі ойыншы Анатолий Васильевтің соққысынан ұшқан шайба қақпа бағанасын жанай өтіп, торда тулады.

Осылайша бірінші жиырма минуттық тең нәтижемен аяқталды. Ал, екінші кезең теріскейлік спортшылар үшін сәтті болды. Үзілісте бапкер ақылын тыңдаған ойыншылар голдан тау тұрғызып, көрермендердің төбесін көкке жеткізді. Көзге түскен Максим Волков, Ильгиз Нуриев және сұрмерген Янне Лаакконендер қанжығаларын ұпаймен майлады. Ал, ұзақ мерзімді жарақатынан жаңа айығып ойынға қосылған Александр Егоровтың 35 минутта салған тамаша шайбасы жығылғанға жұдырық болды.
Сонымен екі кезеңнің қорытындысы бойынша есеп бес те бір. Үшінші ойын бөлігінде көрермендер аса қызықты ойын көре алмады. Дегенмен намысқа тырысқан теміртаулықтар ойын соңында есеп айырмасын қысқарты. Онда қонақ команданың бірінші бестік шабуылшысы Александр Воронин кездесуге нүкте қойды.

Қарымта кездесуде де алғашқы ойынның сценарийі айна-қатесіз қайталанды. Кешегі жеңілістен ес жиған теміртаулықтар Максим Грязнов қорғаған қақпаға бірден екі шайба дарытып алғы шықты. Бұдан соң жас қақпашы өз орнын тәжірибелі әріптесі Джон Мюррейге босатты. Тартысты кездесуде хоккейшілер қызбалыққа салынып, жұдырықтасып та үлгерді. Өз қақпашысы үшін болысқан Ильгиз Нуриев теміртаулық ойыншы Ренат Сафинмен жұдырықтасып қалды.

Бұдан кейін ойын ережесін бұзушылар алаңнан қуылды.

Жерлестеріміз есеп айырымын бірінші периодтың соңына қарай қысқарта алды. Алаңдағы сан басымдықты құлагерліктердің екінші бестігі шабуылшы Артем Сенькевич ұтымды пайдалана білді.

Осылайша командалар 1-2 есебімен 15 минуттық үзіліске тарасты.

– Басымдық – құлагерліктерде. Бұрынғы ойындарға қарағанда қазір тәуірленіпті.

– Бірінші периодтан кейін есеп 1-2. Өкінішті, әрине. Бірақ, бапкер өз кеңестерін беріп, ойынды алып шығады деген сенімдемін.


Ал кездесудегі екінші 20 минуттық тең дәрежеде басталды. Бірақ, құлагерліктердің шабуылы өткір әрі қарқынды болып көрінді. Дегенмен де жерлестеріміз қанша соққы бағыттаса да сонша рет Павел Сучков оған тосқауыл қойып отырды.
Туомас Сантавуори мен Янне Лаакконеннің нәтижелі пасынан кейін екінші бестіктің қорғаушысы құлагерлік Ансси Рантанен таблодағы есепті 2-2 қылды.
Петропавлдық ұжым жеңістен дәмелі екендіктерін үшінші периодта тағы бір мәрте дәлелдеді. Кездесудің 43-ші минутында Анатолий Васильев “Құлагер” командасының осы маусымдағы 100-ші шайбасын соғып, теріскейліктерді алға шығарды.

Есеп 3-2. “Құлагер” командасының пайдасына шешілді.

Ильгиз Нуриев – “Құлагер” ХК капитаны:


–  Біз соңғы кездесулерде ұйымшыл болып, жақсы ойын өрнегін көрсеттік. Соның арқасында бір команда екенімізді дәлелдедік. Теміртаулық хоккейшілер – тегеурінді команда. Күштік әдісті көп қолданады.

Енді бұл кездесуден кейін қонақтар 48 ұпаймен турнирлік кестеде 8-ші орында тұрақтап тұр. Ал ойын соңында “Теміртау” хоккей клубының бас бапкері Вячеслав Фандуль кездесу жайында өз ойын білдірді.

Вячеслав Фандуль – “Теміртау” ХК бас бапкері:

– Қазіргі таңда команда сапына тәжірибелі ойыншылар жетіспейді. Құлагерліктер екі бірдей сан басымдықты ұтымды пайдаланып кетті. Бізде де жақсы мүмкіндіктер болды. Бір сәтте шайба қақпа бағанасына тиіп кейін серпіліп кетті. Егер де есепті 3-1 қылғанда, ойын басқа арнамен жылжыр еді.

Өз кезегінде жерлес команданың бас бапкеріне де тілшілер қауымы сұрақтарын жаудырды.

Вячеслав Белан – “Құлагер” ХК бас бапкері:


–  Қос кездесуде қоржынға 6 ұпай салғаны үшін жігіттерге алғысымды айтамын. Ойынды сылбыр бастап, екі бірдей шайба өткізіп алдық. Кейін қақпашыны алмастыруға бел будым. Өйткені, Максим Грязнов – жас ойыншы, оның үстіне екі гол жіберіп алғаннан кейін психологиялық тұрғыдан жинақталу қиын. Сол себепті, Джон Мюррейді шығардым. Ол кездесудің қалған бөлігінде қақпаға гол дарытқан жоқ.

Бұл жеңістен кейін жерлестеріміз 53 ұпаймен 8-ші орыннан 5-ге көтерілді. “Құлагер” командасының осы жылдағы соңғы кездесуі желтоқсанның 19-ы мен 20-ы күндері өтеді. Онда теріскейлік ұжым өз алаңында Рудный қаласының “Горняк” командасымен күш сынасады.

 

Риат Шони