Қоғам

Өңірімізде әлеуметтік әріптестікті дамыту ісі оң жолға қойылмақ

Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

 

– Бүгін де тек Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы ғана сыртқы сілкіністерге орнықты, тиімді экономиканың нақты негізі болуға қабілетті. Азаматтарға әлеуметтік қолдауды кеңейту мақсатында Үкіметке 2016 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін еңбекпен қамтудың жаңа Жол картасын жасауды тапсырамын. Бағдарламаларды қаржыландыру көлемі 2009-2010 жылдары жүзеге асырылған осыған ұқсас Жол картасымен салыстырғанда ұлғайтылатын болуы тиіс. Бұл жергілікті инфрақұрылымдарды дамыту мен елді мекендерді абаттандыру жобалары есебінен еңбек рыногының тұрақтылығын қамтамасыз ететін болады. Кадрларды кең ауқымды қысқа мерзімді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру ұйымдастырылады. Кәсіпкерлікті дамыту үшін микронесиелеу кеңеюде.

Қай салада болмасын еңбек адамының құқығы қажетті дәрежеде қорғалып, әлеуметтік міндеттемелер тиісінше орындалуы тиіс. Бұған
қоғамдық институттар мен жұмыс берушілер жауапты.

Людмила Голенкова – “СҚО кәсіподақ орталығы” АКБ заң жөніндегі бас маманы:

– Елбасы қарапайым еңбек адамының жұмысын жоғары бағалап отыр. Бұл бізді қуантады. Келер жылдан 80 заң жобасы қолданысқа енеді. Соның ішінде “Еңбек кодексі” де бар. Аталмыш заңнамада кәсіпорын басшысы және жұмысшының міндеттері мен жауапкершілігі толығымен жазылған.

Альфред Мавлютов- “СҚО ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы” ҚБ төрағасы:

– Бүгінде облысымызда 130-дан астам кәсіпорын мен еңбеккерлер алдында әлеуметтік міндеттемелерді орындау жөнінде келісім-шарт жасалды. Бұл – өңіріміздегі барлық кәсіпорындардың 30 пайызы ғана. 2019 жылға дейін өңіріміздің агроөнеркәсіптік кешен саласында құны 123 млрд теңгенің 55 жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Ол үшін ауыл шаруашылығына біліктілігі жоғары, технологияларды меңгерген мамандар қажет болады. Сәйкесінше, агроқұрылым басшылығы жұмысшыларға жақсы жағдай жасаулары керек. Жалға үй беріп, жалақысын көтеріп, кәсіпорын есебінен сауықтыру орындарына демалуға жіберулері тиіс.

Елбасы айтқандай, алдағы уақытта елімізде 660 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Еңбек нарығын тұрақтандыру үшін бірқатар маңызды шаралар қолданылуда. Бұл әлбетте еліміздің одан әрі дамуына септігін тигізеді

Берик Касен