Спорт

Петропавлда еркін күрестен қалааралық турнир бастау алды

Қанат Сәдуақас – өңірлік дене тәрбиесі, спорт және алғашқы әскери даярлық оқу-әдістемелік орталығының директоры:

– Бүгінгі турнир еркін күрестен спорт шебері Мәлік Мүрсәлімовті еске алуға арналған. Оныншы рет ұйымдастырылған қалааралық жарысқа еліміздің өзге өңірлері мен Ресей, Қырғызстан мемлекеттерінің палуандары қатысуда.

Турнирдің салтанатты ашылуынан соң палуандардың өнерлерін тамашалайтын сәт те жетті. Екі бозкілем үстінде өнер көрсетіп жатқан жасөспірімдердің күрестері жанкүйерлер үшін қызықты. Алайда, 50 келі салмақтағы жерлестеріміз Айдар Беймұрзин мен Олжас Омар арасындағы бәсеке тіптен тартысты өтті. Бірінші кезеңде қызыл жейдедегі спортшының жолы болды. Дегенмен, кездесу соңына қарай Айдар Беймұрзин ес жиып, қарсыласын тізе бүктірді.

Айдар Беймұрзин – жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Қарсыласым өте мықты болды. Маған оңай жеңісті берген жоқ. Алайда, күрестегі өзімнің сүйікті “кілт” тәсілін істеп жеңіске жеттім.

Айта кеткен жөн, облыс орталығында еркін күрестен спорт шебері Мәлік Мүрсәлімовті еске алуға арналған оныншы қалааралық турнир екі күнге жалғасады. Жарыс жеңімпаздар медаль, кубоктармен марапатталады.

Култанов Байболат