Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов ҚР-дағы РФ-ның Төтенше және Өкілетті елшісі Михаил Бочарниковты қабылдады

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– СҚ өңірі Қорған, Түмен, Омбы облыстарымен шекаралас. Биыл елімізге Ресейден 11 делегация келді. Келіссөздер аясында 25 құжатқа қол қойылды. Біз қазір соның аясында жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі қиын жағдайға қарамастан екі ел арасындағы тауар айналымы 302 млн АҚШ долларын құрады. Менің ойымша, бұл жаман көрсеткіш емес.

Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының Төтенше және Өкілетті елшісі Михаил Бочарников Елбасы Н.Назарбаевтың көреген басшы екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіздім дейді. Мейманның айтуынша, Қазақстан Президентінің бастамасымен Еуразиялық экономикалық одақ дер кезінде құрылған.

Михаил Бочарников – Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының Төтенше және Өкілетті елшісі:

– Еуразиялық экономикалық одақтың құрылғаны жақсы болды. Мен оны
тұрақтылықтың зәкірі деп атар едім. Қанша сыртқы экономикалық жағымсыз факторларға қарамастан, одақ өз тимділігін көрсетуде. Нақтырақ айтсам, жаһандық дағдарыс кезінде Қазақстан мен Ресей елінің экономикалық ахуалына оң ықпалын тигізуде.

Бүгінде аймақта экономиканың қозғаушы күші саналатын салаларды жаңғыртып, тың технологияларды енгізу қажет. Осы ретте ресейлік инвесторлардың пайдасы тиері сөзсіз деді өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Араб елінің инвесторлары өңірімізге үлкен қызығушылық танытуда. Алайда, бізге Ресей кәсіпкерлерімен жұмыс істеген әлдеқайда ыңғайлы. Өйткені, өсімдік, мал шаруашылығы салаларында стандарттарымыз ұқсас, бір-бірімізді жақсы түсінеміз.

Мейман бүгінде Ресей нарығында мүйізді ірі қараның еті тапшы екенін және бұл біздің өңір үшін ет экспорты әлеуетін арттырудың жақсы мүмкіндігі деп атап өтті. Негізі Ресей Федерациясының билігі мен бизнесмендер қауымы осы күні Қазақстандағы жекелеген салаларға инвестиция құюға құлықты.

Берик Касен