Білім

Гуманитарлық-техникалық колледждің 85 жылдығы атап өтілді

Кейін 42-ші жылы бұл қала немістік фашистердің қоршауында болғандықтан Петропавлға көшірілгендігін бүгін облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова тағы бір мәрте еске салып өтті.

Анархан Дүйсенова – облыс әкімінің орынбасары:

– Елбасы өз жолдауында елге инвестициялық тартылым факторы ретінде адам капиталын, оның ішінде техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға баса назар аударды. Біздің аймақта сондай жұмысшы кадрларды дайындайтын оқу орындарының бірі – гуманитарлық-техникалық колледжі.

Құттықтау сөзінен кейін Анархан Дүйсенова білім ордасында көп жылдар бойы еңбек етіп, еліміз үшін бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға ат салысып жүрген бір топ ұстаздарға облыс әкімінің құрмет грамоталарын табыстады.
Жалпы гуманитарлық-техникалық колледж 85 жылдың ішінде 50 мыңнан астам студентті қанат қақтырды. Бұрынғы түлектері осы залда, мерейтоймен құттықтауға келіпті. Евгений Сазанов бұл оқу орнын 85-ші жылы тәмәмдаған. Металды кесіп қайта өңдеу мамандығына оқыған ол қазір муниципалдық телеарнаға жетекшілік етуде.

Евгений Сазанов – МТРА директоры:

– Бұл оқу ордасы менің екінші үйім секілді. Оны 30 жыл бұрын аяқтасам да басшылығымен әрдайым кездесіп тұрамын. Осындай білім ошағында оқығаныма қуаныштымын. Мен 25 жылдай уақыт бойы колледжді басқарып келе жатқан Александр Меркке қиын-қыстау шақтарда осы киелі шаңырақты сақтап қалғаны үшін алғысымды білдіремін.

Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжі 20 жылдан астам уақыт бойы Ресей және Германияның оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста. Бүгінде мұнда Түмен Мемлекеттік университетінің өкілдігі жұмыс істейді. Сондай-ақ, аталмыш білім ошағы патшалық Романовтар әулетінің 300-жылдығына орай салынған ғимаратта орналасқан. Бір ғасырға жуық уақыт өтсе де нысанның сәулеті бәз-баяғы қалпында сақталып қалған. Осы үшін жиынға қатысқан Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Михаил Бочарников алғысын білдірді.

Михаил Бочарников – Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының Төтенше және Өкілетті елшісі:

– Бұл білім ошағының тарихы мол. Осы колледж біздің елдерімізді тығыз байланыстырып отыр. Өздеріңіз білетіндей, білім ордасы Романов әулетінің 300 жылдығына орай салынған ғимаратта орналасқан. Мұндай көне құрылыстар Қазақстаннан бөлек Ресейдің өзінде сирек кездеседі. Мен ғимаратты осылай сақтап қалғандары үшін облыс және қала басшылығына алғысымды айтамын.

Бүгінде гуманитарлық-техникалық колледжде 16 мамандық бойынша 1500-ға жуық студен білім алуда. Олар дуалды оқыту жүйесі аясында өз білімдерін жергілікті кәсіпорындарда тәжірибе жүзінде шыңдай алады.

Александр Мерк – Гуманитарлық-техникалық колледждің директоры:

– Бүгінде біздің колледж 38 заманауи кабинетпен жабдықталған. Студенттердің білімін шыңдауға арналған зертханалар бар. Жыл сайын өз қаражатымызға материалдық-техникалық базамызды жаңартып отырамыз.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

 

Риат Шони