Мәдениет

Шаховское орта мектебінің жас өнерпаздары халықаралық байқауда биіктен көрінді

Тамерлан Хабибулин, Шаховское орта мектебінің оқушысы, Қызылжар ауданы:

-Бұрын да түрлі байқауларға қатысып жүрмін. Сондықтан, қатты қобалжу болған жоқ. Н.Носковтың әнін орындадым. Орындалуы өте қиын, күрделі туынды.

Аталмыш байқау – Шаховское орта мектебінің 6-сынып оқушысы Анель Серікованың халықаралық дәрежедегі алғашқы сыны. Балғын қыз бұған қарамастан кіші топтағы қатысушылардың арасында бірінші орынға қол жеткізді.

Анель Ерікова, Шаховское орта мектебінің оқушысы, Қызылжар ауданы:

-Бірінші рет үлкен сахнаға шықтым. Аздаған үрейдің болғаны жасырын емес. Десе де даярлаған әнімді залдағылардың қолдауының арқасында еш қателеспей шырқадым. Мен орындаған “Солнечный осторов” әні – достық жайлы өте көңілді туынды.

Ал бұл қыз-жігіттер «Space kiss” ансамблінің мүшелері. Астанадағы байқауда олар вокалистер қатарында, орта топта өнер көрсеткен. Топ мүшелері – барабан, гитара, тамбурин, синтезатор сынды түрлі аспаптарды жетік меңгерген. Шаховское орта мектебінің музыкалық жетекшісі оқушылар ансамблі мен қос солист те тек бірінші орнындарды жеңіп алып, ұстаздар мен ата-аналарының үмітін ақтады деп отыр.

Валерий Мельник, Шаховское орта мектебінің музыкалық жетекшісі, Қызылжар ауданы:

-Байқауды Санкт-Петербордағы “Салют талантов” шығармашылық бірлестігі ұйымдастырды. Жыл сайын әлемнің әр елінде өтеді. Биыл Қазақстанда өтетін болғандықтан одан қалмай, қатысуға тырыстық. Нәтижесінде біздің оқушыларымыз өте сәтті өнер көрсетті. Ресей, Өзбекстан, Татарстаннан келген таланттардың ішінен топ жарды. Оқушылардың осындай биік дәрежедегі байқауға қатысуына Қызылжар аудандық білім бөлімі көп көмек көрсетті.

Қарашаның басында еліміздің бас қаласында өткен байқауға шет мемлекеттерден және Қазақстанның әр бұрышынан келген 300-ге жуық жас өнерпаз қатысқан. Ал, Шаховское селосының жас өнерпаздары келер жылы Санкт-Петербор қаласында өтетін суперфиналға жолдама алды. Балалар байқау алды қызу дайындыққа кірісіп те кетті.

 

 

Акбопе Танирберген