Білім

Есту кемістігі бар балаларға арналған алғашқы халықаралық пәндік интернет-олимпиада өтті

Дмитрий Виниченко – Есту кемiстiгi бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатының оқушысы:

-Математиканы тапсырып шықтым. 3-ке жазыппын. Осыдан кейін сабақты жақсы оқуға тырысуым қажет. Енді қалған пәндерге басымдық беремін. Жалпы маған сынақты қағазға жазғаннан гөрі компьютер арқылы тапсыру ыңғайлы.

Есту кемістігі бар балаларға арналған алғашқы халықаралық пәндік интернет-олимпиаданы өткізу идеясын осы мектептің мұғалімдері ұсынған. Тест сұрақтарын да өздері құрастырған.

Алексей Сивинский – Есту кемiстiгi бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатының информатика пәні мұғалімі:

-Мектептің жаңа сайтын жасап жатқанда осындай балғындарға арнап неге халықаралық онлайн олимпиада өткізбеске деген ой келді. Сосын оны құрастырдым. Ал интернаттың мұғалімдері тест сұрақтарын жазды. Жарты жыл уақыт жұмсалды. Енді міне сол бойынша балалар сынақ тапсырып жатыр.

Жалпы олимпиадаға 5 пен 12-ші сынып оқушылары қатыстырылған. Бүгін балғындар математика мен географиядан тест тапсыруда.

Елена Кулакова – Есту кемiстiгi бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаты директорының орынбасары:

-Олимпиада қашықтан өткізілгендіктен ол балаларға абдырап қалмай, өз уақытын ұтымды пайдалануға көмектеседі. Ұстаздар жай ғана қадағалап отырады. Алатын бағаларын да компьютер шығарады. Тек содан кейін ғана баланың қай сабақты қаншалықты білетіндігі анықталады. Бүгін екі пәнді тапсырса, қаңтарда гуманитарлық бағыт бойынша сынақ жүргізілетін болады.

Интернет-олимпиадаға Қазақстаннан және Ресей, Белорусь елдерінен 15-ке жуық оқу орындары қатысуға ниет білдерген. Онлайн режимінде барлығы 350-ге жуық оқушы тест тапсыруда.

 

 

Магжан Ахмадина