Өнеркәсіп

2016 жылы “Изолит” ЖШС өнім көлемін 30 пайызға арттырмақшы

Вера Соло, “Изолит” ЖШС №1 цехының бригадирi:

-Қазiр 2 машинада мықты қағаз бен арнайы маталарды майлы және кремиорганикалық лактарға малып жатырмыз. Бұл оқшаулағыш материал 20-25 киловольт тоқты өткізбейтін қасиетке ие. Шикізаттың денін Ресей мен Беларусь елдерінен алдыртамыз. Ал лакты өзімізде әзірлейміз.

Айта кету қажет, серіктестік 3 ай толық қуатында жұмыс істемеді. Оған шикізат алатын қаражаттың тапшылығы басты себеп болған.
Қазір жағдай түзеліп, кәсіпорынның қызметі қыза түсті.

Валентина Золотарева – “Изолит” ЖШС коммерциялық директоры:

-Қаңтар, ақпан, наурыз айларында кәсіпорын 35 пайыз қуаттылығында ғана жұмыс істеп тұрды. Соған байланысты сәуір айында жұмысшылардың жалақылары кешіктіріліп төленді. Бүгінде ол мәселе толық шешімін тапты. Биыл айналымдағы қаражатты толықтыру үшін “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасына жүгініп, жылдық 4 пайыз мөлшерлемемен 40 млн теңгеге несие рәсімдедік. Ол қаражатты шикізат пен қажетті материалдарды сатып алу үшін жұмсаудамыз.

Валентина Золотарева елбасынынң айтқан сөздері дұрыс, әр кәсіпкер мен компаниялардың басшылары көрпесіне қарай көсілу керек, қаражатын оңды-солды жұмсамай, шығындарын қысқартқаны дұрыс деп есептейді.

Валентина Золотарева – “Изолит” ЖШС коммерциялық директоры:

 

-Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда үнемдеу режиміне көшіп, серіктестіктің шығындарын азайттық. Қолда бар қаражатты кәсіпорынның жұмысына, шикізатқа, еңбеккерлердің жалақысы мен салықты өтеуге жұмсайтын боламыз. Уақытша ыңғайсыздықтарға қарамастан біз әріптестерімізбен байланысты үзген жоқпыз. Келер 2016 жылы өнім көлемін 30 пайызға арттыруды жоспарлаудамыз. Осылайша, бір жылда 400 млн теңгенің өнімін шығармақпыз.

“Изолит” серiктестiгiнiң цехтарында электр оқшаулағыш материалдың 50-ден астам түрi әзiрленедi. Олардың тең жартысын лак сіңірілген маталар құраса, қалғаны – миканит. Өнеркәсіп 2016 жылдың аяғына дейін Қазақстан, Ресей, Беларусь және Украинаның iргелi кәсiпорындарымен электр оқшаулағыш материалдарын үздіксіз қамтамасыз етiп отыру жөнінде келісім-шарт жасасқан.

Берик Касен