Спорт

“Құлагер” ХК өзінің ең ірі жеңісіне қол жеткізді

Екінші кезеңде есе қайтарамыз деп бекінген шығысқазақстандықтар ойынды ширақ бастады. Қонақтардың кезекті шабуылдарының бірінде Александр Казначеев өзінің жойқын соққысымен шайбаны құлагерліктердің қақпасына салды.
Бұл кездесудің 32-ші минуты болатын. Гол жіберіп абыржып қалған жерлестеріміз тез ес жиып бірден шабуылдарына қамшы басты. Ойыншыларымыздың еңбегі 2 минуттан соң өз жемісін берді. Бұл сәтте қорғаушы Руслан Ибатуллиннің пасын 21-нөмірлі Владислав Никулин іске жаратты.
Ал, үшінші жиырма минуттық басталысымен қонақтар бірден іске кірісіп есепті теңестіруді көздеді. Бірақ, қорғаушыларымыз сауатты ойнады. Ойынды тамашалауға келген көрермен құлагерліктердің жеңісіне сенімді болған. Дегенмен, өскемендік ұжым шеберлік танытып, кездесудің аяқталуына 2 минут қалғанда шабуылшы Никита Меренков көзге түсіп шайба салды.

Осылайша ойын тең нәтижемен аяқталғанымен, овер-таймда шығысқазақстандықтардың айы оңынан туып кездесудің аяқталуына 50 секунд салғанда жеңісті жерлестеріміздің қолынан жұлып алды.
Ал қос команда арасындағы екінші кездесуді қонақтар белсенді бастады. Алғашқы шабуылдарының өзінде-ақ петропавлдықтардың қақпаларына гол соғып, алға шығатын мүмкіндіктері болған. Дегенмен де құлагерлік қорғаушылар сауатты ойнай білді. Кейін шығысқазақстандық хоккейшілер 5/4 форматында ойнап, бұл мүмкіндікті де қалт жіберіп алды. Ал айдын қожайындары болса алаңдағы сан басымдықты бірден ұтымды пайдаланды. Екінші бестіктің шабуылшысы Янне Лаакконен әріптесі Туомас Сантавуориге нәтижелі пас беріп, соңғысы өз кезегінде маусымдағы 14-ші шайбасын салды.

Ал кездесудің екінші периодында басымдық жерлес спортшыларымызда болды. Ең әуелі Владислав Никулин Сергей Кудрявцевтан айласын асырса, бір жарым минуттан кейін құлагерліктердің алғашқы бестігі нәтижелі мүмкіндік туғызып, оны шабуылшы Максим Волков өзінің мергендігімен шайбаны қарсыластардың қақпасында тулатты.

Қос команда соңғы үшінші кезеңді 3-0 есебімен бастады. Бұл көрсеткіш таблода көп тұрған жоқ. 20 минуттықтың басында Максим Волков дубльдің авторы атанып, қарсылас команданың қақпасына 4-ші голды соқты. 00157 Кейін Янне Лаакконен, Игорь Валеев 00163 пен Владимир Гребенщиков 00171 бір-бір шайбадан салып, қарсыласты 7-0 есебімен тізе бүктірді. Айта кету қажет, бұл – жерлестеріміздің осы маусымдағы ең ірі жеңісі.

Артём Сенькевич – “Құлагер” ХК шабуылшысы:

-Алдыңғы кездесуде де біз жеңіске жету керек болатынбыз. Бірақ, қателіктерге бой беріп, ұтымды сәттерді пайдаға асыра алмадық. Бұл – спорт, мұнда бірде ұтасың, бірде ұтыласың. Оны мойындай білу керек. Енді бүгін жанкүйерлеріміздің алдында ірі жеңіске жеттік. Оған әрине қуаныштымыз. Бапкердің тапсырмасын толығымен орындадық деген ойдамын.

Енді бұл кездесуден кейін қонақтар 25 ұпаймен турнирлік кестеде 9-шы орында тұрақтап тұр. Ал ойын соңында өскемендік “ШҚО” хоккей клубының бас бапкері Олег Коваленко кездесу жайында өз ойын білдірді.

Олег Коваленко – “ШҚО” ХК бас бапкері:

-Бұған дейінгі ойында 2 периодты өте нашар ойнадық. Нәтижесінде қарсыластарымыз 2 гол соқты. Ал үшінші кезеңде жинақталып, жауап қайтардық. Бүгін шәкірттерімнің аздап шаршағандықтары байқалды. Бір айда 16 кездесу өткізу оңай емес. Құрамада барлығы – жас ойыншылар. Олар мұндай ауыртпалыққа әлі үйрене қоймаған.

Өз кезегінде жерлес команданың бас бапкеріне де тілшілер қауымы сұрақтарын жаудырды.

Вячеслав Белан – “Құлагер” ХК бас бапкері:

-Бірінші ойындағы жеңіліс үшін 7 де 0 қылып жауап қайтардық. Команда жүктеген міндетті толығымен орындады. Қақпашы Максим Грязнов та сенімімді ақтады. Әрине, алдыңғы ойында ұтылып қалғанымыз өкінішті. Бұл кездесулерде 6 ұпайды еншілейміз деп ойлағанмын, бірақ 4-уін ғана қоржынға салдық. Енді теміртаулықтармен соңына дейін таласатын боламыз.

Ал бұл жеңістен кейін жерлестеріміз 47 ұпаймен 8-ші орынға тұрақтады. “Құлагер” командасының келесі кездесуі желтоқсанның 4-і мен 5-і күндері өтеді. Онда теріскейлік ұжым өз алаңында теміртаулық хоккейшілермен күш сынасады.


 

Култанов Байболат