Білім

Петропавлдағы Әскери киім тігін фабрикасында жұмысшы кадрларды даярлайтын орталық ашылды

Борис Бутыч – “Әскери киім тігін фабрикасы” ЖШС Петропавл филиалының директоры:

-Біздің мекеме Солтүстік Қазақстан оқу-өндірістік комбинатымен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Оқу орнының студенттері біздің фабрикада өндірістік тәжірибеден өтіп жүр. Жұмыс жағдайы көңілден шығып, осында әрі қарай қызметін жалғастырып жатқандар да бар. Бұл игі бастама мамандығы жоқ тігіншілер үшін өте маңызды деп есептеймін.

Әзірге, жұмысшы кадрларды даярлау орталығында оқуға 15 ісмер тілек білдірген. Олар жұмыстан тыс уақытта аптасына 5 рет теориялық және практикалық білімдерін шыңдамақ. 3 айлық арнайы курстан өткен мамандар мемлекеттік үлгідегі дипломға ие болмақ.

Николай Соколов – “Солтүстік Қазақстан оқу-өндірістік комбинаты” ЖШС директоры:

-Солтүстік Қазақстан оқу-өндірістік комбинаты” серіктестігі 2010-шы жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Біз тігінші, шаштараз бен аяқ-киім жөндеуші мамандықтары бойынша кадрлар даярлаймыз. Елбасы халыққа арнаған Жолдауында жұмысшы маман иелерін қайта даярлау қажеттігін айтқан еді. Бүгінгі орталықтың ашылуы сол тапсырманы орындаудың алғашқы бастамасы десек болады.

Анна Давидкевич фабрикада 18 жыл бойы еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында киім тігудің қыр-сырын әбден меңгеріп алған. Қызметкер білімді шыңдауға мұндай мүмкіндік жасалғанына алғысын білдірді.

Анна Давидкевич – “Әскери киім тігін фабрикасы” ЖШС Петропавл филиалының тігіншісі:

-Мұндай оқу орталықтары біз сияқты мамандығы жоқ тігіншілерге ауадай қажет. Орталықтың арқасында жұмыстан тыс уақытта теориялық және практикалық білімдерімізді шыңдайтын боламыз. Ал бастысы оқуды сәтті аяқтады деген диплом береді.

Айту керек, жұмысшы мамандарды даярлайтын орталық тыңдаушыларына “Солтүстік Қазақстан оқу-өндірістік комбинаты” серіктестігінің оқытушылары білім береді.

 

 

Бакыт Садуакасов