Спорт

Тұңғыш Президент күні өңірде “Алтын шайба” турнирі өз жалауын көтерді

Анархан Дүйсенова – облыс әкімінің орынбасары:

-Құрметті спортшылар, еліміздің болашағы, биыл облыс басшылығы сіздерге арнап осындай зәулім спорт сарайын салды. Енді мұнда жасөспірімдер хоккей ойнап, салауатты өмір салтын ұстана алады. Сіздерді бүгінгі турнирдің ашылуымен құттықтаймын. Жарыста мықтылар жеңіске жетсін.

Дидар Бекешев – “Құлагер-1” командасының қорғаушысы. 6 жасынан конькиге тұрып, шайба қуалаған жеткіншек бұл турнирге 4-ші жыл қатарынан қатысуда. Айта кету қажет, жарыстың басты фавориті де Дидардың командасы. Олар осыған дейін ешкімге дес бермей бас жүлдені иеленіп келген. Қорғаушы биыл да жоғарғы тұғырдан көрінеміз деген сенімде.

Дидар Бекешев – “Құлагер-1” командасының қорғаушысы:

-Бірінші ойын “Қайсар” командасымен. Қарсыластарымыз өте мықты. Бірақ, жеңіске жетеміз деген ойдамын. Турнирде бірінші орын алуға тырысамыз.

Әне-міне дегенше турнирдің алғашқы ойыны да басталды. Мұз айдынында петропавлдық қос команда “Құлагер-1” мен “Қайсар” күш сынасуда. Қызыл жейдедегі қайсарлықтар тістеніп тұрып қарсылық танытқанымен құлагерліктер олардың қақпаларына 4 бірдей жауапсыз шайбаны соғып, жеңімпаз атанды. Негізі бүгін өз жалауын көтерген турнир қыс бойы өтіп, тек наурыз айында аяқталмақ.

Виктор Бестик – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

-Жарысқа барлығы 60-қа жуық команда қатысуда. Өңірдің 13 ауданы және Петропавл қаласынан 10 құрама бақ таластырмақ. Бүгін сайыстың алғашқы кезеңі. Кейін командалар өз аудандарына тарап, сонда аймақтық кездесулер өткізеді. Ал ақтық сын облыс орталығында ұйымдастырылады. Жалпы жасөспірімдер мұнда үш жас ерекшелігі бойынша сайысуда.

Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубок, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

 

 

Риат Шони