МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Европа” мейрамхана-қонақ үй кешені ашылды

Мұхтар Манкеев, облыс әкімінің орынбасары:

-Кешеннің салтанатты ашылуымен және Тұңғыш Президент күнімен барша солтүстікқазақстандықтарды облыс әкімінің атынан шын жүректен құттықтаймын.

Бұдан кейін салтанатты түрде жаңа нысанның таспасы қиылды.

Ойын-сауық кешенінің аумағы – 550 шаршы метр. Ғимараттың бірінші қабатында кішігірім дәмхана, келесі бөлігінде лаундж-бар мен мейрамхана орналасқан. Ең жоғарғы қабат – қонақ үй. Мұнда меймандарға арналып 6 бөлме жабдықталған.
Жеке кәсіпкер Нерсес Минасян кешенді тұрғызуда мемлекет қолдауына жүгінген. “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы арқылы 73 млн теңге несие алыпты.

Нерсес Минасян, «Минасян» ЖК директоры:

-Тұңғыш Президент күнінде көптен күткен “Европа” кешенінің таспасын қидық. Мемлекет қолдамаса жеке менің қолымнан ештеңе де келмейтін еді. “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы арқылы 5 жылға несие рәсімдедім. Мұндай демеуге ризашылығымды білдіремін.

Мейрамханаға келушілерге ұсынылатын барлық тағамдар осы жерде әзірленеді. Дәл қазір аспаз алғашқы меймандарға арнап ас әзірлеуге кірісіп кетті. Негізінен мұндағы мәзірге еуропалық және кавказ тағамдары енгізілген.

Альберт Чрахян, аспаз:

-Мұндағы негізгі тағам түрлері тандырда әзірленбек. Сондай-ақ, өзге де 50-ден астам тағам пісіреміз. Барлығы дәмді әрі ерекше болуы үшін бар күшімізді саламыз.

Осылайша, «Европа» кешенінің ашылуымен отыздан астам петропавлдық жұмыспен қамтылды.

 

 

Акбопе Танирберген