Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда “Береке” шағын ауданында 93 пәтерлі жалдамалы-коммуналдық тұрғын үй пайдалануға берілді

Айдарбек Сапаров – облыс әкімінің бірінші орынбасары:

-Осындай халқымыз үшін аса маңызды күні облыс орталығында 93 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталып, кілттерін табыс еткелі отырмыз. Бұл -“Қолжетімді тұрғын үй-2020” бағдарламасы аясында өңіріміздің жас отбасыларына арнайы салынған үйлердің бірі. Биыл облысымызда жалпы аумағы 124 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Қазір “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында екі көпқабатты баспана тұрғызылуда.

Айдарбек Сапаров жыл соңына дейін тағы 145 жанұя баспаналы болады деп жерлестеріне қуанышты хабарын жеткізіп, бірқатар отбасыға шын ықыласымен пәтер кілтін табыстады.

Биыл көппен бірге Исиндер жанұясы да Тұңғыш Президенті күнін және Тәуелсіздік мерекесін жылы әрі жайлы, ең бастысы өздерінің баспанасында тойлау мүмкіндігіне ие болды. Отағасы Жандос пен зайыбы Әсел мектепте мұғалім болып еңбек етеді. Ерлі-зайыптылар өзгелер сияқты 2 бөлмелі пәтерді айына 29 мың теңге төлеп 6 жыл жалдап тұрады. Одан кейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жылдық 4 пайыздық мөлшерлемемен ипотекалық несие рәсімдеп, айына небары 18 мың теңге төлеп, болашақта өз атына аударып алмақшы.

Жандос Исин:

-Өз шаңырағыма ие болып жатырмын. Шын көңілімнен ризамын. Бұл елбасы мен үкіметтің халыққа деген қамқорлығы деп білемін. Елбасының сарабдал саясатынынң арқасянда осындай табысты, жарқын күндерге жетіп жатырмыз. Бүгін мен қатарлы біраз жанұя баспаналы болып жатыр. Барлық отбасыларға жанұямның атынан тек қана бақыт, шаттық тілеймін.

Ысқақ Ыбыраев көшесіндегі 21-ші үйді құрылыс саласында 20 жылдан артық тәжірибесі бар “Основание” компаниясының жұмысшылары салды.

Сергей Тимофеев – “Основание” ЖШС директоры:

-Серіктестік жұмысшылары”Береке” шағын ауданында 4 үй тұрғызды. Соңғысы бүгін тапсырылып жатыр. Негізінен пәтерлердің біразы бір, екі бөлмеден тұрады. Құрылыс барысында қиындықтар туындаған жоқ. Бәрі бекітілген талапқа сай жүргізілді.

Баспана кезегінде тұрғандарға жағымды жаңалық. Жыл аяғына дейін тағы үш көпқабатты үй мен “Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020” бағдарламасы аясында 200 бөлмелік жатақхана қолданысқа тапсырылмақшы. Бұдан басқа “Бәйтерек” АҚ-ы шаһарымызда жалпы саны 462 пәтерлік 5 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын бір мезетте бастайды. Ол 2016 жылдың аяғына дейін халық игілігіне берілуі мүмкін.

 

Берик Касен