Білім

Петропавлда 42 орынға шақталған жаңа балабақша пайдалануға берілді

Нысанның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров ата-аналар мен ұстаздарды құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Айдарбек Сапаров – облыс әкімінің бірінші орынбасары:

-Құрметті ата-аналар мен ұстаздар! Қуаныштарыңыз құтты болсын. Мереке күні балабақша ашылып жатыр. Осы жерде балаларыңыз мектепке дейінгі білімдерін алып, тәрбиеленеді. Сондықтан, бүлдіршіндеріңізге денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Ертең еліміздің атақты азаматтары болсын. Ел үшін қызмет жасасын.

Балабақшада 2 топ жасақталыпты. Балғындар қазақ және орыс тілдерінде білім алмақ. Қазір мұнда 4 педагог пен 5 маман жұмыспен қамтылған.

Татьяна Андросова – «Колокольчик» балабақшасының меңгерушісі:

-Бүгін Тұңғыш Президент күнінде 42 орынға шақталған балабақшамыз өз есігін айқара ашуда. Өте қуаныштымыз. Бұл жерде бүлдіршіндермен жоғары білікті мамандар жұмыс жасайды. Қазақ тілі мен орыс тілі мұғалімдерін, логопед пен хореограф сынды мамандарды қызметке қабылдадық.

Бөбектер бірер күнде үйренгендерін келген меймандарға көрсетіп-ақ жатыр. Бірі әуелете ән шырқаса, енді бірі мың бұралып би биледі. Ал мына кішкентайлар Елбасына арнап өлең шумақтарын жаттаған.

Нысан жеке меншік болып саналғандықтан мұнда бір айлық қызмет ақысы 25 мың теңге тұрады. Бірақ, оның 16 мыңы мемлекет тарапынан субсидия ретінде төленбек.

Нұргүл Демеубаева – ата-ана:

-1-ші желтоқсан күні «Колоколчик» балабақшасының ашылғанына өте қуаныштымыз. Бүлдіршіндеріміз енді осы жерде білім алатын болады. Мұнда барлық жағдай жасалынған. Үйіміздің қасында орналасқан, сол себепті ата-аналарға өте ыңғайлы.

Келгендеріне көп болмаса да балақандар осында тәрбиеленетіндеріне қуанып жүр.

Богдан Гапоненко:

-Біз мұнда сурет саламыз, ермексаздан мүсіндер жасаймыз. Балабақшада достарым көп. Бәріміз тату-тәттіміз.

Ксения Казачук:

-Біз мұнда түрлі ойындар ойнаймыз. Маған шаштараз болған ұнайды. Бірақ, өскенде мен дәрігер болам. Адамдарды емдеп, екпе жасаймын.

Жыл басынан өңірімізде 500-ден астам бүлдіршін балабақшаға барған. Оның 301-і – петропавлдықтар.
Сондай-ақ, жыл соңына дейін тағы солтүстікқазақстандық 606 баланы мектепке дейінгі біліммен қамту көзделген.

 

 

Айгерим Ержанова