МТРА жаңалықтары

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Петропавлда спортшылар мен сала мамандарының жиыны өтті

Айту керек, қазіргі таңда өңірде екі бірдей дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Өз сөзінен кейін Руслан Есеналин аталмыш саланың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтарды облыс әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Қошеметке бөленгендердің қатарында “Цеснабанк” АҚ жергілікті филиалының директоры Құлыбек Шопанов та бар.

Құлыбек Шопанов – “Цеснабанк” АҚ СҚОФ директоры:


–  Менің ойымша, бұқаралық спортты дамыту өте маңызды. Неге десеңіз, бұл өскелең ұрпақтың денсаулығы үшін қажет. Биыл біздің банктің қолдауының арқасында облыс орталығында 10 әмбебап спорттық корт салынды. Онда балалар қысы-жазы түрлі ойындарды ойнай алады. Алдағы уақытта да осы бағытта жұмыс жасайтын боламыз.

Бұдан кейін кездесуге жиналғандардың барлығы Елбасының Қазақстан халқына арнаған кезекті 20-шы Жолдауын тыңдады. Қазіргі сын сағаттарда ел болып бірігіп, тығырыққа тірелген кезеңнен ұтымды шығу қажет. Осыны айтқан Мемлекет басшысының салиқалы саясатын халық қолдауда.

Серік Нұрқазов – бокстан КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, әлем кубогінің күміс жүлдегері:

– Иә, қазір елімізде қаржы жағынан біршама қиындықтар бар. Дегенмен де біз қаншама қысылтаяң шақтан сүрінбей өттік. Қазір барлығымыз бірігіп, Елбасының жүктеген тапсырмаларын орындасақ, еліміз де өркендей түседі.

Жалпы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кезекті жолдауында қазіргі дағдарыстан шығудың 7 қадамын нақтылап айтты. Сонымен қатар әлеуметтік салада мемлекеттің қолдауынсыз қалмайтындығын жеткізді.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқарамасының басшысы:

– Мемлекет басшысы мәлімдегендей келер жылдың бірінші қаңтарынан бастап денсаулық сақтау, білім саласы қызметкерлерінің жалақысы артады. Бұған спорт саласы да кіреді. Сонымен қатар, “Б” корпусындағы мемлекеттік қызметкерлердің де айлығы өседі. Осы күнге дейін Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Бұл маңызды құжатта жүктелген тапсырмалар толығымен орындалады деген сенімдемін. Қысылтаяң шаққа қарамастан өңірімізде спорттың дамуы жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатыр.

Спортшыларымыз ел намысын қорғайтын додалар әлі алда. Айта кету қажет, 2016 жылы Рио-де Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына қатысуға, әзірше, өңір спортшыларының біреуінде ғана лицензия бар. Сонымен қатар, тағы тоғызы аталмыш байрақты додаға жолдама алу үшін күш сынасуда.

 

Риат Шони