Спорт

Петропавлда бокстан республикалық турнир аяқталды

Алғашқы раундта басымдыққа ие болған Төре Адахан кездесу соңына дейін қолындағы жеңісті уысынан шығармады. Оның жұмсаған мірдің оғындай соққылары қарсыласына дөп тиіп, қанжығасын ұпаймен толықтырды. Осылайша, елордалық спортшы республикалық жарыстың бірінші жеңімпазы атанды.

Төре Адахан – жарыс жеңімпазы, Астана қаласы:

– Қарсыласыммен бокстасу өте қиын болды. Соңғы раундта шаршап қалдым. Алайда, бар күшімді салып жеңіске жеттім.

Бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Камиль Сафинді еске алу турниріне еліміздің 7 облысынан 96 спортшы қатысты.
Бұл байрақты бәсекеде жерлес жас былғары қолғап шеберлерінің аяқ алысы көңіл көншітпеді. Теріскейлік жасөспірімдер қоржынға тек жалғыз алтын алқа салды.

Шайбек Қарағазиев – бокстан СҚО құрамасының бас жаттықтырушысы:

– Біздің балалар жарысқа жақсы дайындалған болатын. Күнделікті жаттығу жасап шеберліктерін шындады. Алайда, турнирде өнер көрсеткен Ақмола, Орталық және Шығыс Қазақстан облыстарының боксшыларын ерекше атап өтуге болады. Олардың спортшылары республикалық бәсекелерде жақсы өнер көрсетіп жүр.

Жарыс чемпиондары медаль, кубок, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Култанов Байболат