Қоғам

Петропавлда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Андрей Стрельников:

– Негізі, менің мамандығым – тігінші. Бірақ, осы күнге дейін құрылыс саласында жұмыс жасадым. Жасым болса келіп қалды. Қыс кезінде істеу қиынға соғады. Енді өз мамандығым бойынша қызметке орналаспақшымын. Маған бір тігін цехының байланыс нөмірлерін берді. Жұмысқа тұрамын деген сенімдемін.

Жәрмеңкеде екі қолға бір күрек іздеп жүргендер аз емес. Оның ішінде зейнетке шықса да еңбектенгісі келетін қариялар, дипломын енді алған жастар да бар. Сондай-ақ, оқуын бітіріп, дәл өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмағандар да кездесті.

Адай Мусин:

– Мен 2010 жылы Петропавл құрылыс экономикалық колледжін бітіріп, қолыма дипломымды алдым. Мамандығым – заңгер. Білімімді растайтын құжатқа қол жеткізген соң бірден қызметке тұрдым. Бір ай істедім. Жалақысы аз болғандықтан, шығып кеттім. Ал қазір енді жалақысы жоғары жұмыс іздеп жүрмін. Әзірге, ештеңе таппадым.

Мұнда келушілердің бәріне еңбек орнын табуға болатыны сөзсіз. Өйткені, өңірдегі ірі кәсіпорындары мен зауыттарға, мектептер мен ауруханаларға білімді, білікті маман қажет. Тіпті, мемлекеттік қызметшілерге де сұраныс жоғары. Бүгінде оларға арналған 395 бос орын бар екен.

Светлана Зайцева – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басқармасының басшысы:

– Бүгінде бізде мемлекеттік қызметшілерге сұраныс көп. Әсіресе, жетекші және бас мамандарға. Бұл қызметке орналасу үшін әлбетте жұмыссыз адамның қолында дипломы болу керек. Кейін арнайы тестілеуден өтуі қажет. Бұдан соң заңға қатысты 15 сұрақ қойылады. Егер оның 8-не дұрыс жауап берілсе, онда ол адам мемлекеттік қызметкер ретінде жұмысқа алынатын болады.

Айту керек, жыл басынан Петропавлда 10 бос орындар жәрмеңкесі өтіпті. Оның 3-уі жарымжан жандарға арналған екен. Бұл шараның арқасында 3702 солтүстікқазақстандық азамат екі қолға бір күрек тапқан. Оның 1441-і 29-ға толмаған жастар. Сондай-ақ, бұл күні қала тұрғындарына жұмыс іздеуде пайдасы тиетін арнайы сайт таныстырылды.

Марат Әжібаев – СҚО прокуратурасының аға прокуроры:

 

– Бүгінгі күні әлемдік дағдарысқа байланысты прокуратура қызметкерлері «trud-sko.kz» сайтын жасап, оны халыққа таныстыруда. Бұл жерде облыс тұрғындарына өздеріне керекті жұмыс таба алады. Мұнда мемлекеттік органдар мен бизнес иелерінен жаңа бос орындар ұсынылады. Осы сайт арқылы жұмыс іздеуші жұмыс берушімен кері байланысқа шыға алады.

Осы жолғы бос орындар жәрмеңкесінде 25 кәсіпорын 200-ден астам жұмыс орнын ұсынды.

Айгерим Ержанова