Спорт

Петропавлда бокстан республикалық турнир бастау алды

Бауыржан Құлжанов – СҚО күрес федерациясының президенті:

– Камиль Сафин бар өмірін Қазақстан боксының дамуына арнады. Талай шәкіртті тәрбиелеп, биік белестерге жеткізді. Камильдай тарихта қалған тұлғамен әрбір боксшы мақтануы тиіс. Жас кезімізде біз оның кездесулерін тамашалауға асығатынбыз. Ол өнер көрсеткенде қолдап, әр жеңісіне риза болатынбыз.

Осыдан турнирдің нағыз тартысқа толы кезеңі басталды. Алдымен ортаға 49 келі салмақтағы жас былғары қолғап шеберлері шықты. Мұнда солтүстікқазақстандық Ержан Қайыржан мен көкшетаулық Еламан Рақымғали күш сынасты. Бірінші раунда жерлесіміз қарсыласына бірнеше жойқын соққы жұмсап біраз әбігерге салды. Өз кезегінде қонақ спортшы сауатты қорғанып, қауіпті шабуылдармен жауап қатты. Алайда, кездесудің соңында көк жейдедегі Еламан Рақымғалив сыр беріп жеңіліс тапты.

Ержан Қайыржан – жарысқа қатысушы, СҚО:

– Мен 3 жылдан бері бокспен айналысамын. Турнирға жақсы дайындалдым. Бапкеріммен күніне екі мезгіл жаттығу жасадық. Қарсыласыма келетін болсам өте мықты. Алайда, бар күшімді салып жеңіске жеттім. Өте қуаныштымын.

Теріскей топырағының тумасы Камиль Сафинді еске алу турнирін өткізу дәстүрге айналған. Бұл байрақты жарыс қаламызда осымен 20-шы рет ұйымдастырылып отыр. Оған қатысуға 11 салмақ дәрежесінде 96 боксші тіркелген.

Айдамир Ералиев – жарыстың бас төрешісі, Тараз қаласы:

– Январь, февраль айларында Астанада ел біріншілігі болады. Бұл турнир солтүстік боксшыларының сол жарысқа іріктеуі болмақ.

Республикалық дода төрт күнге жалғасады. Турнир жеңімпаздары медаль, кубоктармен марапатталады.

 

Култанов Байболат