МТРА жаңалықтары

Ақын Кәкімбек Салықовтың құрметіне республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті

К.Салықов 2 жыл бұрын дүниеден озды. Залда экранан көрсетілген бейнефильм арқылы өр тұлғаның биографиясы мен туған жеріне қысқаша шолу жасалды. Кәкімбек ағамыз ел көшін алға сүйреген өр тұлғалы азамат болды деді өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Кәкімбек аға еңбек жолын инженер-металлург болып бастады. Жезқазған кен орындарында еңбек етті. Республикамызда, Мәскеуде және Өзбекстаннның Қарақалпақ облысында жоғары мемлекеттік қызметтер атқарды. Жерлесімізге СҚО, Жезқазған, Сәтпаев қалаларының құрметті азаматы атанған.

Мәртебелі меймандар Солтүстік өңірі – жайқалған сары алтын астықтың өлкесі ғана емес, сонымен қатар халқымыздың рухани орталықтарының бірі деп аймағымызға жоғары бағасын беруде.

Аманжол Әлтай – айтыскер ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Астана қаласы:

– Кәкімбек ағаға арнау өлеңдерім бар. Сол шығармамда Кәкімбек аға деген інілік махаббатым көрініс тапты деп өзім ойлаймын. Кәкімбек аға: -“Құстар қайтып барады Еділдетіп Оралмен, Елге жетіп қалар ма едім ере кетіп солармен?” -деп, өзінің туған жерін өмір бойы сағынып халқына деген махаббаты баса алмай өткен адам ғой. Ол кісі Сәкеннің “Ақсақ киігінен” кейін “Жезкиік” бейнесін сұлулық символына айналдырып кетті.

К.Салықов 800-ден астам өлеңді мұраға қалдырды. Туындылары орыс, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған. Бұған қоса жерлесіміз орыс классик прозаиктерінің шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаумен айналысыпты. 60-тан астам композитор К.Салықовтың өлеңдерінің мәтініне 500-дей ән жазған. Оны Р.Рымбаева, М.Жүнісова, Қайрат Байбосынов сынды таңдаулы әншілер шырқаса керек. Солардың қатарында Қапаш Құлышева да бар.

Қапаш Құлышева – ҚР еңбек сіңірген әртісі, Астана қаласы:

– Кәкімбек ағамен ұзақ жылдар бойы творчествалық байланыста болдым. Жаңа өлең жазғанда менімен ақылдасып, кейбір әндерін маған беретін. Маған “Сағыныш” әні қатты ұнайтын. Оны мен 36 мемлекетте шырқадым.

Кәкімбек аға секілді ұлттың мақтанышына айналған тұлғалардың өмірі халық санасында, әсіресе ұрпақтар жадында тағылымды шаралар арқылы жаңғырып, жалғасып жатуы керек деп есептейді бас қосқандар.

Ғалым Жайлыбай – ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын:

– Негізінде ағамыз қызмет еткен Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Астана қаласындағы негізгі көшелерге Кәкімбек Салықовтың есімін беріп, ескерткіш орнату керек. Алдағы уақытта Кәкімбек оқулары, Кәкімбек күндерін дәстүрлі түрде өткізіп тұрған дұрыс деп санаймын. Кәкімбек әндерінің фестивалі өтіп жатса жарасар еді.

Айтпақшы, атамыз ғалым Қаныш Сәтпаевты әлемге танытуда көп үлес қосқан отандастарымыздың бірі екен. Жерлесіміздің қомақты үлесінің арқасында еліміздің 9 шаһарында және Ресейдің Томск қаласында атақты академиктің құрметіне арналып бюст орнатылды.
“Қаныш Сәтпаев” атты энциклопедиясындағы 80 пайыз мәліметті жинақтаған да К.Салықов атамыз. Жанұя мүшелеріне де уақытын бөліп, ұлы, қызына әкелік махаббатын сыйлапты.

Майра Салықова – Кәкімбек Салықовтың қызы:

– Әкем өте еңбекқор жан болатын. Түнгі 4-тен тұрып алып сағат сегізге дейінгі уақытын тек қана поэзияға арнайтын. Жезқазғандағы шахтада жұмысы өте ауыр болды. Қанша шарша-шалдығып келсе де бізге әкелік мейірімін төгіп, кем дегенде 1 сағатын жанұясына арнайтын. Домбырада ойнады, бізді әдебиетке баулыды. Бізді ұйықтатып, түнгі сағат бірге дейін өлеңдер жазатын.

Аға буын өкілдері қазақ әдебиетінің алып бәйтеректері дүниеге келген киелі өлкеде әлі де Кәкімбек ағаның ізін жалғайтын ақындар шығады деген сеніммен тарқасты.

Айгерим Ержанова