Өнеркәсіп

Шағын кәсіп – үлкен нәсіп

2006 жылы іске қосылған өндіріс орнының бір айдағы қуаттылығы – 70 тонна. Алайда, көршілес Ресейдегі рубль құнының күрт төмендеуі бұл мекемені де айналып өтпесе керек.

Шахмандор Искандаров – “Искандаров” ЖК директоры:

– Ресей ақшасының күрт құлдырауы өнімдеріміздің эскпортына әсер етпей қоймады. Салдарынан біз бизнестегі әріптестерімізді жолғалтып алдық. Жұмыс күшін сақтап қалу үшін жаңадан бизнес серіктестерді іздестірдік. Қазір жағдайымыз біраз жақсарып қалды.

Негізінен жеке кәсіпкердің өндіріс орны 4 кондитерлік цехтан тұрады. Мысалы, мына бөлімде печеньенің сан алуан түрі әзірленіп, бірден тұтынушыға жеткізіледі. Қазір жұмыстың нақ қызған шағы.

Роза Адраева – “Искандаров” ЖК кондитерлік цех басшысы:

– Бір ауысымда 12 қызметкер еңбек етеді. Кондитерлік өнімдер өндірісі жартылай автоматтандырылған. Күніне бұл цехта 250 келі печенье дайындаймыз.

Ал кәсіпорынның келесі бөлімінде солтүстікқазақстандық тұрғындардың мол сұранысына ие вафли дайындалады. Жұмыс бір қарағанда оңай көрінгенімен, асқан шыдамдылықты қажет етеді екен. Сондықтан, кондитерлік цехта тек өз ісінің қыр-сырын жетік меңгерген мамандар ғана еңбектеніп келеді. Солардың бірі -Татьяна Нелюбина. Нәзікжандыға вафли қабатын даярлайтын түркиялық қондырғыны басқару сеніп тапсырылған.

Татьяна Нелюбина – “Искандаров” ЖК кондитері:

 

– Ең алдымен қондырғы бөшкесіне ашытылған қамыр салынады. Одан құрылғылардың көмегімен ыстық пешке жөнелтіліп, пісіріледі. Толық бір айналымнан өткен қамырдан мынадай вафли қабығы шығады.

Еңсесін жаңа-жаңа тіктеп келе жатқан шағын мекеменің бүгінгі аяқ алысы жаман емес. Жоспарда өндіріс ауқымын кеңейту бар. Сол себепті, бизнес иесі цехты жаңғыртудан өткізу үшін қалталы инвесторлар табылса деген тілегін жеткізді.

Бакыт Садуакасов