МТРА жаңалықтары

Облыстық прокуратурада үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті

Самат Темірбаев – СҚО прокурорының көмекшісі:


– Қазіргі күні заңсыз бизнес көзін ашқан тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жалған кәсіпкерлікті ұйымдастырған тұлғалар 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Тағы айыпталушының барлық дүние-мүлкі тәркіленеді. Негізінде салық төлеуден қашатын кәсіпкерлерді анықтау қиынға соғады.

Прокурорлардың айтуынша салықтан жалтару үшін заңды түрлі айла-шарғымен айналып өтуге бар ұйым жетекшілерінің басым бөлігі шетел азаматтары көрінеді. Сол себепті, заңға қайшы әрекет жасағандарды анықтау оңайға түспей тұр. Қазірдің өзінде осындай 41 факті бойынша ашылған қылмыстық істі тергеуде облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің қауқары шамалы. Осы ретте облыс прокуроры Степан Зайтлер қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгертулер енгізу қажеттігін айтты.

Степан Зайтлер – СҚО прокуроры:

– Мұндай жалған бизнеспен айналысып, қалтасын толтырып жатқан әккі кәсіпкерлерді анықтау қиынға соғып тұр. Десе де, көлеңкелі экономиканың жолын кесуде бірлесе жұмыс атқаруымыз қажет. Бұл мәселе жөнінде Бас прокуратураға тиісті ұсыныстарды жолдайтын боламыз.

Осы күндері жалған кәсіпкерлік субьектілерін құрып, ел қазынасына қомақты залал келтірген айыпты тұлғалар мен олардың контрагенттерінен 40 миллон теңге айыппұл өндіріліп алынған. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар алдында прокурорлар өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған мектептер мен ауруханалардың қызметіне тоқталып өтті. Аталған әлеуметтік нысандар әлі күнге дейін тиісті сот шешімі шықса олқылықты түзетпеген.

Шолпан Әбдірахманова – СҚО прокуратурасы 4-ші басқармасының бастығы:

– Орындауға келіп түскен өндірістік істердің дені білім және денсаулық сақтау салаларына қатысты. Үстіміздегі жылы қауіпсіздік ережелерін сақтамаған 50 мекеме анықталды. Барлығында дерлік өрт қауіпсіздігі талаптары қаперге алынбаған.

Отырыс соңында қадағалушы орган өкілдері жасөспірімдер арасында орын алатын жыныстық қатынас жағдайларының алдын алу жайын талқылады.

 

Бакыт Садуакасов