Қоғам

Азық-түлік пен жанар-жағармай бағасын негізсіз шарықтатқандар жауап береді

Мәселен, бүгінде өңірімізде тауық еті мен жұмыртқа құны негізсіз қарыштап кеткен. Ал дүкен сөресінде тұрған күнбағыс майы болса, бірден 30 %-ға қымбаттаған. Оның ішінде отандық өнімдер де бар. Кәсіпкерлердің бұл әрекеті заңға қайшы. Сол себепті бүгінде өңіріміздегі дүкендер мен супаркеттердегі тауардың бағасы қатаң бақылауға алынды дейді облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы Арман Өтегенов.

Арман Өтегенов – СҚО бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы:

– Қазіргі еліміздегі экономикалық жағдайға байланысты өңіріміздегі бірнеше сауда орындары біраз тауардың бағасы негізсіз көтеріген. Сол себепті біздің департамент монополияға қатысты сәйкес шараларды қабылдауда. Мысалы, көтерме және бөлшек сауда орындарында орын алған заңбұзушылықтарға қатысты бүгінде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, мамандар бензин бағасын да жіті бақылауға алыпты. Өйткені жанар-жағармай құю бекеттері де дәл осындай заңбұзушылық әрекетіне жол берген. Тіпті олардың ісі сотқа жіберілген.

Арман Өтегенов – СҚО бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы:

 

– Біз жанармай саудасымен айналысатын саудагерлерге қатысты тергеу амалдарын бітірдік. Бағаны негізсіз көтергендерін де анықтадық. Оларға айппұл салынатын болады. Ол заңсыз алынған кірістен 3 есе артық.

Айту керек, жақында жанар-жағармай ісімен қоса құс фабрикалары мен супермаркеттерге қатысты құжаттар да сот алдына жіберілмек. Әзірге мамандар тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Айгерим Ержанова