МТРА жаңалықтары

СҚО-да 8 мыңға жуық алимент төлеуші борышкер бар

Дәл қазір әділет департаментінің қызметкерлері Рига көшесіндегі 112-ші үйге келді. Есікті қарызгер Марат Жақитовтың анасы ашты. Оның айтуынша, ұлы 12 жасар баласына 2011 жылдан бері бірде-бір алимент төлемеген. Борышкер бүгінде Астана қаласында тұрады екен. Кейін мамандар тиісті акті толтырып, Марат Жақитовтың анасына хабарлама тастап кетті. Егер бұдан кейін ол сот орындаушылармен байланысқа шықпаса, онда алимент төлемей жүрген әке ретінде оған іздеу жарияланады.
Келесі кідірген мекен жай – Жуков көшесіндегі 1-ші үй. Мұнда да алимент төлемей жүрген әке тұрады. 33 жастағы Алексейдің айтуынша, ол қызы Алинаға тиісті қаражатты ай сайын беріп отырады екен. Тіпті, бұрынғы әйелінен жазбаша қолхат та алыпты. Бірақ, ол бұл құжаттарды сот орындаушыларына апарып, белгіленуге уақыт таба алмай жүрмін деп ақталды.

Алексей Ушаков – борышкер:


–  Мен 2006 жылы ажырастым. Қызым әйеліммен қалды. Бастапқы уақытта мен Алинаның балабақшасын төлеп отырдым. Бірақ, кейін қаржылық ахуалым қиындады. Ол кезде алиментті менің анам төлеп отырды. Қазір бірқалыпқа келіп, қызыма тиісті ақшаны ай сайын өзім беріп тұрамын. Соңғы төлем қазан айында жасалды. Құжаттар да бар. Бірақ, тиісті органға оларды табыстай алмай отырмын. Өйткені, жұмыстан уақыт табылмай тұр.

Алексей Ушаковтың қарызы 200 мың теңгені құраса керек. Бірақ, соған қарамастан, оның бұрынғы жары Валентина қызымен көрісуге кедергі жасамайды екен.

Валентина Крижанськая:


–  Бүгінге дейін алиментті Алексейдің анасы өтеп келді. Соңғы екі айда қызымның әкесі өзі төледі. Бергені – 10 мың теңге. Соған қарамастан мен қызыммен көрісуге кедергі жасамаймын. Кез келген уақытта Алина әкесінің үйіне барып келеді. Олар жақсы қарым-қатынаста.

Қазіргі уақытта өңірдегі алимент төлеушілердің саны 8 мыңға жетеді. Олардың тек 1 мыңнан астамы ғана перзенті алдындағы қарызын өтеген. Айту керек, облысымызда алимент бойынша берешектің жалпы сомасы 50 млн теңгені құрап отыр.

Анастасия Самкова – СҚО әділет департаменті алименттік төлемдерді өндіріп алу жөніндегі бөлімінің сот орындаушысы:


– Жыл басынан әділет департаментінің алименттік төлемдерді өндіріп алу жөніндегі бөліміне Петропавл қаласы бойынша 3 мың 807 іс келіп түсті. Бүгінде оның 642-сі орындалды. Қарыздың жалпы сомасы 23 млн теңгені құрап отыр.

Сондай-ақ, биыл алимент төлемеген 244 адам әкімшілік жазаға тартылып, 1001 азамат шекара асу құқығынан уақытша айырылған.

Айгерим Ержанова