МТРА жаңалықтары

“Лига” ЖШС суық және кәдесый қаруларының 55 түрін шығарады

Виктор Жаворонков, “Лига” ЖШС директоры:

– Мұндағы жинақтардың ішіндегі ерекшесі – зульфикар. Мұхаммед Пайғамбардың 9 қылышы болған деседі. Түп нұсқасы сақталмаған. Көп естеліктерді, сипаттамаларды тек кітаптан кездестіреміз. Мәселен, бізде айыр жүзді және қабатталған қос жүзді нұсқасы бар.

Ал мына “Әділеттілік семсері” – мұндағы ең ірі әрі ауыр қару. Салмағы – 14,5 кг. Өзге қарулардың барлығы кезінде қарсылық көрсету және қорғану мақсатында пайдаланылған. Ал, бұл семсердің ерекшелігі 17-18 ғасырларда Европа елдерінде қылмыскердің басын алу үшін қолданылған. Оны соғыста пайдалуға рұқсат берілмеген екен.

–  Мұндағы қарулардың бағасы 200 мың теңгеден 900 мың теңгеге дейін барады. Мәселен, мына “Мәмлүк” аталған қайқы қылыштың құны – 350 мың теңге. 6-7 ғасырларда Египет жерінде пайда болған қаруды соғыс кезінде Бейбарыс Сұлтан пайдаланған деседі.

Ал келесі бетте қазақтың семсер, айбалта, шоқпар сынды суық қарулары жайғастырылған. “Лига” серіктестігінің директоры мұндай тарихы мен мәні тереңде жатқан құндылықтарды көпшілік назарына ұсынып, қаладағы мұражайларға қойғысы келеді.

Виктор Жаворонков, “Лига” ЖШС директоры:

– Біздің жинақта қазақ ұлттық қарулары үлкен орын алады. Менің қолымдағы Ақинақ қылышы – Алтын Адам қаруының баламасы. Қазақ халқының қаруларын еліміздің лауазымды тұлғаларына кәдесый ретінде тарту ету үшін сатып алушылар көптеп келеді.

Сөрелерде жарқырап тұрған суық және кәдесый қарулары осы жерде жасалады. Бүгін де серіктестік цехында 15 адам тер төгуде. Шеберлер әлем тарихында кездесетін 50-ден артық алдаспанды соғып шығарады. Олардың ішінде жапон, еуропа, шығыс, түрік елдерінің қылыш-қанжарлары бар. Мұндағылардың айтуынша бір қаруды толық жасап шығу үшін 2 айға жуық уақыт керек екен.

Акбопе Танирберген