Білім

Облыс орталығында “ЭКСПО-2017” тақырыбына арналған ғылыми-тәжірибелік форум өтті

Ғылыми-тәжірибелік форумға қатысып жүргендердің арасында таудай талабы бар Аслан Берсанукаевпен Тимур Ахметжановта бар. Бүгін олар жұртшылық назарына автоматтандырылған жел диірменін ұсынып отыр. Робототехника үйірмесінде әзірлеген макеттерін құрастыруға шамамен 1-1,5 ай уақыт кетті дейді қос жасөспірімнің жетекшісі.

Қайсар Сәрсенбаев – ОБЖШО робототехника үйірмесінің жетекшісі:

– Автоматтандырылған жел диірмені қалай жұмыс істейді? Ол күндіз күн сәулесінің көмегімен қозғалса, кеш ауа желдің арқасында жұмыс істейді.

Ал форумды тамашалауға келген жұрттың назары бірден мына алып макетке ауады. Бұл – Петропавл екінші жылу электр орталығының үлгісі. Оны әзірлеген Петропавл темір жол көлігі колледжінің студенті Павел Колубин кәсіпорынның пайдалы іс-әрекеттер коэффицентін арттыруды көздеуде. Былайша айтқанда энергияны үнемдеп, табиғатқа залал келтірмеуді мақсат тұтқан.

Павел Колубин – Петропавл темір жол көлігі колледжінің студенті:

– Біз жылу электр орталығы жобасын ұсынып отырмыз. Мұнда өндіріске турбинада пайдаланылған бу қолданылады. Яғни, тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету үшін буды екінші рет кәдеге жаратуға болады. Нәтижесінде кәсіпорынның пайдалы іс-әрекеттер коэффиценті 70 пайызға дейін жетеді. Сонымен қатар, жанар-жағармай аз мөлшерде жұмсалады.

Жалпы өнертапқыштар 7 номинация бойынша бақ таластыруда. Олар ұсынған тың идеяларды қазылар алқасы балдық жүйемен бағалайды. Айта кету қажет, жасөспірімдер құрастырған әр зат қазіргі өмірмен байланыстырылған, яғни ұсынылған жұмысты тұрмыста қолдануға болады.

Геннадий Попов – қазылар алқасының төрағасы:

– Бұл форумда балалар өздерінің қабілеттерін көрсетеді. Олар тұрмыста қажетті заттардың модельдерін жасап, өздерінің идеяларын ұсынады. Шара Тұңғыш Президент күніне орайластырылған. Бұған қатысушы жастардың саны жыл сайын артуда.

Форум соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом және түрлі сыйлықтармен марапатталады. Ал үздік атанған жастар өңір намысын республикалық деңгейде қорғайтын болады.

 

Риат Шони