МТРА жаңалықтары

Кәсіпкерлер палатасының өкілдері бизнесмендердің құқығын қорғауда

Тимур Елеукин – СҚО кәсіпкерлер палатасының эксперті:

– Тамыз айында облыстық мәслихат депутаттары қоршаған ортаға эмиссиялар үшін базалық төлемақы ставкасын 2 есеге дейін жоғарылату жөніндегі нормативтік актіні қабылдады. Осы өзгерістерге байланысты бүгінде мемлекетік кірістер департаментінің қызметкерлері эмиссияны өтеу туралы хабарлама парақшаларын салық төлеушілерге жолдап, үсетеме ақыны төлеуге міндеттеп жатыр. Кәсіпкерлер палатасы мұнымен келіспейді. Салық кодексінде көрсетілгендей, бизнесмендерге еш негізсіз қосымша салық жүктемесін арттыруға болмайды.

Кеңес мүшелері осы сұрақты ұзақ талқылады. Кейін анықталғандай,
бұған әділет департаменті мен фискалды орган қызметкерлерінің еш кінәсі жоқ. Өйткені, әу бастан қоршаған ортаға эмиссиялар үшін қосымша төлемақы ставкасын 2 есеге дейін жоғарылату жөнінде ұсынысты СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасындағылар жасапты. Отырысқа қатысушылар қателік солардан кетті деген байламға келді.

Александр Верзилин – СҚО мәслихат аппаратының құрылымдық бөлімше жетекшісі:

– Облсытық мәслихат СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасындағылардан түскен ұсынысты түзете алады. Бірақ нормативтік актідегі өзгерістерді қайта өзгертуге құқығымыз жоқ.

Жиында қаралған екінші сұрақ “Ұлттық сараптама орталығы” ұсынатын қызметке қатысты болды. Аталмыш мекеме қызмет түрлерінің құнын 4-тен 20 есеге дейін шарықтатып жіберген. Бұл да бизнес иелеріне ісін бастырмай, кәсіпкерлерге ауыр салмақ салуда.

Лариса Петрова – «Родионов» ЖК жетекшісінің орынбасары:

– Мен түсінемін қазір барлық қызмет көрсету құны өсіп жатыр. Алайда, біз қоғамдық тамақтандыру орындарында бағаны өсіре алмаймыз. Жыл басында тендерді ұтып алғанда бекітілген баға болған. Ол сол қалпында қалу керек деп есептеймін. Ал егер қызмет құны жоғарыласа, біз шығынға батамыз. Осы жағын жергілікті атқарушы органдар егжей-тегжейлі қарастырса деймін.

“Ұлттық сараптама орталығы” мемлекеттік кәсіпорнының қызмет құнын шарықтатуға негіз бар ма? Бұл сұрақты кеңес мүшелері анықтап көруге тырысты. Алайда, тиісті мекеменің жергілікті филиалының өкілдері нақты аргументтер келтіре алмады.

Берик Касен