Спорт

“Құлагер” ХК атыраулық “Бейбарыспен” өткен ойында 2 ұпай еншіледі

Алексей Кузнецов пен Джон Мюррей де салқынқанды ойнап, қақпаларын қызғыштай қоруда. Дей тұрғанмен алғашқы периодтың аяқталуына санаулы секундтар қалғанда атыраулық шабуылшы Александр Храмков қырағылық танытып қонақтарды алға шығарды.

Екінші кезең де әсерлі болды. Бұл периодта шабуылға ден қойған Вячеслав Беланның шәкірттеріне қарсы ойын тәртібі бұзылып, атыраулық ұжым алаңда 4 ойыншымен қалды. Сан басымдықты “Құлагер” командасының бірінші бестігі бірден пайдаға асырды. Көк жолақтың бойынан қорғаушы Владимир Гребенщиковтың жойқын соққысына Ильгиз Нуриев өз ойын таяғын қойып қалып, шайбаның бағытын өзгертіп, қақпа торында тулатты.

Осы қарқында екінші кезең де өз аяғына жетті. Ал үшінші 20 минуттықта қос тарап бір-бірінің қақпаларына гол салғылары келгенімен оларынан түк шықпады. Бұл кезеңде де мықты анықталмай, 5 минуттық овертайм белгіленді. Кім бірінші болып гол соғады деп күткен жанкүйерлер буллиттар сериясының куәгері болды. Ал қақпашы мен шабуылшылардың жекпе-жегінде Джон Мюррей барлық үш соққыны да қайтарды. Ал құлагерліктерден тек Янне Лааконен ерекшеленіп, теріскейліктерге жеңіс сыйлады.

Владимир Гребенщиков – “Құлагер” ХК қорғаушысы:

– Бүгін өте тартысты, қиын ойын болды. Әр кездесу оңай емес. Командалардың бәрі мықты. Барлығы ұпай жинап, плей-оффқа өткісі келеді. Сол себепті, соңына дейін тістеніп тұрып қарсылық таныту қажет. Бүгін 2 ұпай болса да қоржынға салдық. Бұның өзі қажетті балдар. Қызу қолдау көрсеткен жанкүйерлерге рахмет.

Ал бұл – атыраулық қонақтармен жерлестеріміздің екінші қарымта ойыны. Кездесудің басы петропалдық ұжым үшін өте қатерлі болды. Өйткені, 22-ші секундтың өзінде-ақ Андрей Спиридонов Джон Мюррейден айласын асырды. Ал алғашқы периодтың аяқталуына 2 минут қалған кезде қонақтар алаңдағы сан басымдықты ұтымды пайдаланды. Екінші бестіктің шабуылшысы Евгений Дерябин әріптестері Александр Храмков пен қорғаушы Николай Ладыгиннің нәтижелі пастарынан кейін есепті 0-2-ге дейін жеткізді.

Осы қарқында бірінші кезең де аяқталды.

Бүгін жерлестерімізге қолдау көрсетуге “Қызыл-Жар СК” футбол клубының ойыншылары да келіпті.

Али Алиев – “Қызыл-Жар СК” ФК жартылай қорғаушысы:


–  Жалпы өзім хоккейді егжей-тегжейлі білмеймін. Бірақ, атыраулықтар алаңда белсенділік танытып жатқандығы көрініп тұр. Енді жерлестеріміз келесі кезеңде жинақы ойнап, алға шығады деген үміттемін.

Ал екінші кезеңде спортшылар ойынға емес күшті қажет ететін әдістерге көп көңіл бөлді. Осылайша 20 минуттықтың ортасына дейін қауіпті сәттер орын алмады. Бірақ, намысқа тырысқан Артём Сенькевич әдемі сырғанап барып, Алексей Кузнецовтың қақпасына шайбаны салып, есеп айырымын қысқартты. Ал екінші кезеңнің аяқталуына шақ қалғанда атыраулық шабуылшы Алексей Анциферов алаңдағы сан басымдықты ұтымды пайдаланып, Джон Мюррей қорғаған қақпаның артындағы қызыл шамды үшінші рет жақты.

Ал үшінші периодта атыраулықтар қорғанысқа басымдық берді. Құрған қамалдарын жерлестеріміз қанша рет бұзғылары келгенімен, қонақтар қателікке бой алдырар емес. Дегенмен де үшінші кезеңнің ортасына қарай Антон Дубининнің нәтижелі пасынан кейін Алексей Петушков Кузнецовты тағы да қапы қалдырды. Ойынның соңына қарай жерлестеріміз есепті теңестіргісі келіп қақпашыны алтыншы ойыншыға да алмастырды. Бірақ, қонақтардың кипері Алексей Кузнецов Антон Дубининнің бірнеше жойқын соққысын тамаш сэйвтер арқылы қайтарып, командасына жеңіс сыйлады.

Джон Мюррей – “Құлагер” ХК қақпашысы:


–  Менің командам бірінші периодты үлкен қарқынмен бастап, қорғанысты ұмытып кетті. Сол себепті, қақпаға тез гол соғылды. Ал жалпы атыраулық ұжым турнирлік кестеде жоғарғы сатыларда. Олар күштік әдістерді көп қолданады, денелері де ірі. Сол себепті, қарсы ойнау қиын. Кездесудің соңында есепті теңестіруге болар еді. Бірақ, “Бейбарыстың” қақпашысы сауатты ойнай білді. Енді қалған ойындарда жеңіске жетеміз деген үміттемін.

Енді бұл жеңістен кейін қонақтар 55 ұпаймен турнирлік кестеді үшінші орында тұрақтап тұр. Ал ойын соңында атыраулық “Бейбарыс” хоккей клубының бас бапкері Александр Истомин кездесу жайында өз ойын білдірді.

Александр Истомин – “Бейбарыс” ХК бас бапкері:


–  Қос команда арасындағы екі ойында жоғары дәрежеде өтті. Әрине, алғашқысында 1 ұпайды ғана еншіледік. Көптеген қателіктер жасалды. Екіншісіне тактиканы біршама өзгертіп үш ұпайды қанжығаладық.

Өз кезегінде жерлес команданың бас бапкеріне де тілшілер қауымы сұрақтарын жаудырды.

Вячеслав Белан – “Құлагер” ХК бас бапкері:

– Ойынның соңында ұтымды сәттерді пайдалана алмай қалдық. Шабуылды күшейтуге қақпашыны да алтыншы ойыншыға алмастырдық. Бірақ, қарсыластар сауатты қорғана білді, Алексей Кузнецов та тамаша ойын өрнегін көрсетті. Енді келесі ойынға дейін орын алған қателіктердің түзетеміз.

Бұл жеңілістен кейін жерлестеріміз 37 ұпаймен 8-ші орында тұрақтап тұр. “Құлагер” командасының келесі кездесуі қарашаның 25-ы мен 26-і күні өтеді. Онда теріскейлік ұжым өз алаңында елордалық хоккейшілермен күш сынасады.

 

Риат Шони