Спорт

Петропавлда тараздық полицей, “Халық Қаһарманы” Ғазиз Байтасовты еске алды

Ол қылмыскердің қолында жарылғыш зат бар екенін байқап қалған. Дәс осы сәтте қала тұрғындарына қауіп төнгенін сезген ол қанішерді кеудесімен жауып, мерт болады.
Бүгінде ел үшін ерлікпен көз жұмған Ғазиз Байтасовты солтүстікқазақстандық әріптестері де еске алып тұрады.

Дәурен Қазбеков – СҚО ІІД бөлім бастығы:

– Бұл жарысты біз Жамбыл облысының тумасы «Халық Қаһарманы» атағын иеленген полиция капитаны Ғазиз Байтасовқа арнап отырмыз. Әріптесіміздің ерлігін біздің полицейлер жақсы біледі. Бүгінде бізде жас мамандар көп. Соларға үлгі тұтар азаматтың бірі – осы кісі. Осыған орай, командалар құрып, шағын футболдан жарыс өткізуді жөн көрдік. Ұжым болып «Халық Қаһарманын» еске алдық. Бұл – біздің ортақ азаматтық парызымыз.

Бүгінгі жиынға Ғазиз Байтасовтың жары Гүлжанар мен кіші ұлы Әділжан да келген. 2 мың шақырым жол жүріп келген олар солтүстікқазақстандықтарға ыстық ықыластары үшін ризашылықтарын білдірді.

Гүлжанар Тәжиева – Ғазиз Байтасовтың зайыбы:

– Петропавл қаласына осымен екінші рет келіп отырмыз. Екі жыл бұрын ұйымдастырылған шараға үлкен ұлыммен келгенмін. Ал бүгінгі жиынға кіші балам Әділжанмен шықтым. Арнайы шақырғандарыңызға рахмет. Ғазизді еске алып, ерліктерін ұмытпай, осындай сайысты ұйымдастырған әріптестеріне алғысым шексіз. Ғазиздің өзі де спортқа жақын еді.

Бүгін доп тебуге барлығы 12 команда жиналды. Ойынды салтанатты түрде Ғазиз Байтасовтың 7 жасар ұлы Әділжан ашты.

Сонымен ойын басталды. Алаңға алғашқы болып Ішкі істер және Қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің қызметкерлері шықты. Екі жақтың да ойыншылары мықты дайндалғаны көрініп тұр. Бірақ, алаңда аса басымдылықты көк киімдегі спортшылар танытты. Есепті бірінші ашқан да ІІД-нің командасы. Бірақ, қарсыластары да қарап жатпады. Қақпаға соғылған голдың есебін теңестіріп үлгерді.

Дегенмен, көк киімдегілер өздерін ұтуға жол бермеді. Осылайша, бірінші ойында ІІД құрамасы алға шықты.
Өзге командалар да аталмыш сында сүрінбей, жеңіс тұғырына шығатындарына сенімді.

Мирас Ыбраев – СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы:


–  Біздің құрама үшін бұл ойында өнер көрсету үлкен мәртебе. Батыр полицейдің құрметіне арналған жарысқа командалардың жоғары дайындықпен келгендері байқалып тұр. Бірақ, мемлекеттік кірістер департаментінің спортшылары жеңіске жетеді деген сенімдемін.

Сонымен, шағын футболдан өткен жарыста ІІД-нің командасы жеңімпаз атанды. Жүлделі екінші орынды ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментінің құрамасы місе тұтса, үздік үштікті шекарашылар тұйықтады.

Айгерим Ержанова